«Астана» футбол клубының атқарушы директоры Қайсар Бекенов УЕФА Еуропа Лигасының 1/16 финалының жеребе тарту рәсімі туралы өз пікірін білдірді.

- Ашығын айту керек, бізге жеребе өте қиын түсті. «Спортинг» - өте мықты, танымал клуб. Бұл команда «Милан» мен «Арсенал» командалары деңгейіндегі мықты ұжым. Біз португалдық команда өкілімен сөйлесіп үлгердік. Олар бізді «Бенфикаға» қарсы өткізген кездесу арқылы білетіндіктерін айтты. Жалпы, екі ойын да қиын болары анық. Менің ойымша, лиссабондық команданың тәжірибесін есепке алатын болсақ, олардың мүмкіндіктері бізге қарсы кездесуде өте жоғары. Бір жағынан біздің команда да еурокубоктардың бұл кезеңінде ешқандай қысымсыз өнер көрсетіп, жанкүйерлерді қуанта алатын деңгейде деп ойлаймын. «Спортингке» қарсы УЕФА Еуропа Лигасының плей-офф кезеңінде ойнау, елрдалық команда үшін керемет нәтиже. Сондықтан, бұл кездесулерде таза жүрекпен ойнап, жанкүйерлерді қуанту үшін барымызды салатын боламыз.Естеріңізге сала кетейік, алғашқы матч 15 ақпан күні «Астана Арена» стадионында өтсе, жауапты кездесу 22 ақпан күні «Жозе Алваладе» стадионында өтеді.