Қазақстандық футболшы қыздардың жаттығулары, теориялық сабақтары мен жолдастық кездесулері Түркияның Белек деген жерінде өтеді.

Бұл жақтың спорттық базалары барлық инфрақұрылыммен қамтылғаны баршаға аян. Сондықтан кәсіби футболшылар маусым аралық кезеңде дайындықты осы жерде жүргізуге тырысады. Айтпай Жамантаев бастаған құраманың жиыны 19 желтоқсанға дейін жалғасады.

Ойыншылар құрамы және бапкерлік штаб:

Қақпашылар: Сандалова Ирина («Оқжетпес», Көкшетау), Исмаилова Назым (СДЮШОР № 7, Шымкент)

Қорғаушылар: Демидова Мария, Абишева Зулейра, Бурова Александра (барлығы - СДЮШОР № 7, Шымкент), Нұрышева Бибігүл («Оқжетпес», Көкшетау), Жақсымбай Әсем, Қожахмет Құндыз (екеуі де - ОДЮСШ № 2, Ақтөбе), Власова Анастасия (СШВСМ-«Барыс», Алматы), Ташмет Гүлмира, Орынбасарова Арайлым (екеуі де - РСШИКОР, Астана)

Жартылай қорғаушылар: Қырғызбаева Бегайым, Вылданова Адиля (екеуі де - «БИІК-Қазығұрт», Шымкент), Шалмұхамбетова Назерке, Шалмұхамбетова Алина, Аруова Әсемгүл (барлығы - РСШИКОР, Астана), Жұмабайқызы Карина, Тұрлыбекова Әсел (екеуі де - СДЮШОР № 7, Шымкент), Әлімқұлова Әйгерім («Оқжетпес», Көкшетау), Гайстенова Аида (СШВСМ-«Барыс»)

Шабуылшылар: Кәрібаева Сауле, Бортникова Светлана (екеуі де - «БИІК-Қазығұрт», Шымкент)

Бапкерлік штаб: Жамантаев Айтпай – бас бапкер, Ляпкин Владимир – команда басшысы, Сунақов Ержан – қақпашылар жаттықтырушысы, Түктібаева Гүлнар - врач, Бейсенова Айман - массажист, Журавлёва Анастасия - менеджер, Нұрмұхамбетов Талғат - әкімші.

- Бірінші кезекте, оқу-жаттығу жиынымен қатар селекциялық жұмыстар да жалғасып жатыр, - дейді ҚФФ баспасөз қызметіне сұхбат берген футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Айтпай Жамантаев. - Оған қыздар арасында өткен ел біріншілігі себепші болды. Сіз білетіндей, ер командаларға қарағанда қыздарымыз үлкен футболда да, кіші футболда да ойнап жүр. Сондықтан бапкерлер штабы бұл турнирге қатысуды жөн санады. Біз жинаған мәліметтер бізді таң қалдырды. Біріншіден, жасөспірімдер және жастар арасында әйелдер футболы мен футзалының танымалдылығы өте жоғары. Екіншіден, ел біріншілігіне 20 команданың қатысуы ұлттық құрамаға жаңа мықты, талантты әрі жігерлі ойыншылар келеді деген сөз.

- Футзалды футболшылар дайындығының бір элементі деп қарасақ, оларға не үйренуге болады?

- Футзал жылдамдығы жоғары ойын екені белгілі. Сондықтан футзал ойыншылары кез келген шешімді қас-қағым сәтте қабылдау қажет. Ал олай тез ойлап, жақсы ойнау үшін жоғары шеберлік пен деңгей қажет. Сондықтан, барған сайын үлкен футболда мұндай қасиеттер ауадай керек.

- Сол жастар арасында өткен ел чемпионатынан көзіңізге біреу түсті ме? Біреуді болсын оқу-жаттығу жиынына шақырттыңыз ба?

- Ел біріншілігінде 17 және 19 жасқа дейінгі қыздар бөлек ойнады. Яғни олар еліміздің ұлттық құрамаларында доп тебеді. Бірақ бізге ойыны қатты ұнаған футболшы қыздар да бар. Мысалы, жарыстың «үздік қорғаушысы» атанған Шымкент командасының қорғаушысы Александра Бурова. Ол әлі 17-ге толған жоқ, бірақ қазірдің өзінде ол керемет ойын көрсетіп жүр. Талантты қыз екені көрініп тұр.

- Қызығы, ел чемпионатынан кейін Саша Бурова журналистерге Қазақстан Ұлттық құрамасында ойнауды армандайтынын айтқан еді...

- Ұлттық құрама сапында ойнау – үлкен абырой. Бірақ мен ойыншыларға әрдайым кез келген кезде жаңа ойыншылар да құрама сапынан орын алуы мүмкін екенін ескертемін. Сондықтан барлығы футболшылардың өзіне байланысты. Ұлттық құрамадағы ойыншылар әр жаттығуда, турнир мен матчтарда бар күш-жігерін салып ойнауы қажет.

- Қазақстан әйелдер құрамасы маусымның соңында Ұлыбритания аралдарында екі рет жеңілді. Бұл туралы не айта аласыз?

- Қазір Ұлттық құрамада буын ауысып жатыр. Командаға жаңадан келген қыздарға тәжірибелі, шеберлігі жоғары ойыншылармен қарсыласу оңай болған жоқ. Дегенмен таблодағы есеп алаңдағы ойынның көрсеткіші емес деп айта аламын. Мысалы, Уэльспен болған кездесуде біз контшабуылдар жасап, тіпті, прессинг те ұйымдастырдық. Бірақ соңғы сәтте не соңғы пас шықпай қалады, не гол соғатын мүмкіндік пайдаға асыра алмадық. Үзіліске кішкене қалқанда бір гол өткізіп алғанымыз өте өкінішті. Себебі матч осылайша 1:0 есебімен аяқталып, сол жалғыз гол ойын тағдырын шешіп кетті. Англиямен де жинақы ойнауға тырыстық. Бұл команда әлемдік рейтингте 3-ші орында тұр. Біз 5:0 есебімен ұтылдық, біздің команда үшін бұл қиын сабақ болды. Бірақ кейбір адамдар бұдан екі есе ойсырай ұтыласыңдар деп айтқаны да есімде. Англия футболшыларының деңгейі әлдеқайда жоғары екені сөзсіз. Матч барысында біз англиялықтар жақсы көретін стильде ойнадық. Яғни физикалық күшке құрылған ойын. Бұл кездесуде тәжірибелі ойыншылармен қатар жастарымызды да бір сынап көрдік. Олар үшін бұл керемет мүмкіндік болды. Болашақта осы тәжірибелі ойыншылар мен жас футболшылардан жиналған командамыз жақсы нәтижелер көрсетеді деп сенеміз. Ендігі матчтарымыз келесі жылы өтеді. Біз дайындықты барынша ерте бастадық. Айта кетейік, бұрын мұндай біз үшін арман еді. Кей жылдары қыздарымыз ресми матчтарға еш жаттығу, дайындықсыз да қатысқан кездер болды. Елімізде әйелдер футболына деген мұндай көзқарастың өзгергені қуантады. Жақсы өзгерістердің дәлелі – келесі маусымға қазірдің өзінде дайындалып жатқан осы жиынымыз.

2019 жылғы ӘЧ. Әйелдер. Іріктеу. 1 топ

Қазақстан құрамасының қалған ойындары

09.04.2018 Қазақстан - Ресей

12.06.2018 Босния және Герцеговина - Қазақстан

30.08.2018 Ресей - Қазақстан

04.09.2018 Қазақсан - Англия