Елордада «Астана» велошабандоздары жанкүйерлерімен кездесті. Бұл шара жаңа маусымдағы велокоманда құрамын таныстыру мақсатында өтті, деп хабарлайды Baq.kz.

Бүгін велошабандоздар мен клуб басшылығы елордада команданың алдағы спорт маусымына шығатын құрамын таныстыру үшін жиналды. Бірінші кезекте велошабандоздар «MegaSilkWay» сауда және ойын-сауық орталығында жанкүйерлерімен кездесу өткізді. Жанкүйерлер арасында «Астана» спортшыларымен бірге конкурс ұйымдастырылды. Он ең белсенді жанкүйер екі топқа бөлінсе, велошабандоздар жеребе арқылы таңдалды. Олар – Дмитрий Груздев, Артем Захаров, Лоуренс Де Вриз, Мигель Анхель Лопес, Луис Леон Санчес, Андрей Зейц, Мишель Вальгрен, Давиде Виллелла, Алексей Луценко және Якоб Фульсанг. Олар да жанкүйерлермен бірге топқа бөлініп, байқауға қатысты.