Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев кәсіпқой боксқа не үшін ауыспағанын және Геннадий Головкинмен достығы туралы айтып берді. - Қуат Хамитовтың қатысуымен өткен ММА турнирін «Алматы Аренадан» тамашалапсыз. Жарыс ұнады ма? - Біріншіден, AFC промоутерлік компаниясының директоры Әділбек досыма алғыс айтқым келеді. Ұйымдастырушы ретінде мұндай үлкен жарысты өткізу қиын екенін білемін. Үлкен турнир өткізіп, қазақтың жігіттерін танымал қылғаны үшін оған көп рақмет. Маған бәрі ұнады. Жекпе-жекке шыққан жігіттердің деңгейі жоғары болды. Октагонға алты қазақ шықса, соның үшеуі ғана жеңіске жетті. Ол дегеніміз қарсыластарымыздың мықты болғанын білдіреді. - Қуат «Найман» Хамитовтың Питер Куиллимен жекпе-жегі көңіліңізден шықты ма? - Бәрі ойдағыдай өтті. Жұртшылық «неге нокаут болмады?» деп өкініп жатты, бірақ жекпе-жекке екі мықты шыққан соң кездесу соңына дейін жалғасты. Жеңімпаз тек төрешілердің шешімімен анықталды. Ең бастысы Қуат халықтың сенімін ақтап, жеңіске жетті.