Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, боксшы Василий Левит Қарағандыда «Құлыншақ» балалар үйінде болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз біргеміз!» атты акцияны ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Олимпиада жеңімпазы Серік Сәпиев бастаған болатын. Ол «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, өзінің жетістіктерімен бөліскен еді. Кейін Сәпиев игі эстафетаны спорттағы өзінің әріптесі Василий Левитке берді.

«Құлыншақ» балалар үйінің бүлдіршіндері Василиймен кездесуді тағатсыздана күтті. Залға спортпен шұғылданатын және қандай да бір жетістіктерге жетіп үлгерген ұл-қыздар жиналды.

Олимпиада жүлдегері кішкентай кезінде милиционер болғысы келгенін жеткізді. «Өз арманымды сәл де болсын орындадым - Ұлттық гвардияда қызмет етемін, - деді ол.

Боксшының бірінші қызыққан спорт түрі кикбоксинг болған екен. Онымен жеті жасында айналыса бастаған. Орта сыныптарда көңілі боксқа ауған және кейінірек толықтай осы спорт түріне ауысуға бел буған.

«Әрине, балалық шағымда жаттығудан қашып кетуді ойлайтынмын. Алайда өзіңді қолға алып, басты мақсатың туралы ойлайсың - бұл әлсіздік сәттеріне төтеп беруге күш береді. Жиналасың да, жаттығуға кетесің», - деп шындығын айтты Левит.

Ол балаларға өз кеңестерін де берді: үлкендерді тыңдау, қанша жерден ауыр болса да алған бетінен таймау және ұятқа қалмау. Спортшы жеңістер мен жеңілістерден сабақ алуға шақырды. Василий Левит өз кезегінде эстафетаны Қарағанды қаласының тумасы, актер Әнуар Нүрпейісовке берді.

Шара ұйымдастырушысы - облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі.