Қазақстандық спортшы Айдар Махметов «Париждің ашық чемпионаты» халықаралық турнирінде джиу джитсудан абсолютті чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаңа ғана «Париждің ашық чемпионаты» халықаралық турнирінде джиу джитсудан (қызылкүрең белбеулер дивизионы, Master 2: 36-40 жыл!) абсолютті чемпионы атандым. Париждің ашық чемпионаты барлық Еуропа мен ТМД елдерінің джитсерлерін жинады», - деп жазды спортшы фэйсбуктегі парақшасында.

Айдар Махметов өз салмағында қола жүлдеге ие болды. Айқас тең нәтижемен аяқталса да, жеңісті қарсыласына берген.

«Ашуға булығып, абсолютті салмақта күрескім келді. Мұнда тек барлық салмақтағы чемпиондары мен медаль иегерлері өнер көрсетеді. Үш белдесуде жеңімпаз атандым: бірінші - ағылшынды 18:0 есебімен, екінші - черногориялық қарсыласымды 2:0 есебімен (ол аса ауыр салмақ дәрежесінде болды), финалда мықты араб жігітімен күресіп, 1:0 есебімен жеңдім. Ол да аса ауыр салмақта болды», - деді Айдар Махметов.

Сондай-ақ, ол көк белбеу бойынша Master 1 (30-35 жас) дәрежесі бойынша спортшы Дархан Кәкеновтің алтын медаль алғанын хабарлады.

«Ол үш айқаста басым түсіп, Париждің «алтынын» иеленді», - деп бөлісті Айдар Махметов.

Сондай-ақ, ол спортшы Арман Рузахуновты қара белбеуден Қазақстандағы алғашқы «күмісімен» (Master 2 дивизионы) құттықтады.