Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулда гір көтеру спортынан өткен әлем чемпионатынан Қазақстан құрама командасы күміс жүлдегер болып оралды. (ERG) Еуразиялық Топ құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытының спортшылары ұлттық команда қоржынына бес медаль салды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Айтулы чемпионат әлемнің 34 елінен ең мықты деген 500-ге жуық спортшыны жинады. Қазақстан құрамасына осындай жарыстарда табысты өнер көрсетіп жүрген Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері де кірді.

Жеке біріншілік нәтижесінде №1 балқыту цехының және электржөндеу цехының спорт нұсқаушылары Владимир Кресс пен Андрей Фиялка, металлургиялық жабдықты жөндеу цехының дәнекерші-жөндеушісі Александр Гончаренко, қожды қайта өңдеу цехының ферроқорытпа бұзушысы Нұрдәулет Жүнісов күміс жүлде алды, ал еңбекті қорғау бөлімі бастығының орынбасары Владислав Подлипенский қола медальді қанжығасына байлады.