Үндістанның Гувахати қаласында өтіп жатқан бокстан жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионаты өтуде.

Аталмыш бәсекеде еліміздің намысын қорғау үшін 10 боксшымыз аттанған болатын. Қазақстан Бокс федерациясы таратқан мәліметке сәйкес, алдын ала жекпе-жектерде жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған Надежда Рябец америкалық Читлали Ортизге есе жіберіп қойды. Сондай-ақ Маржан Есекен де польяк қарсыласы Патриции Борыстан ұтылып қалды. Дегенмен ширек финалға 8 қызымыз шығып отыр. Жазира Орақбаева (48 келі), Жансая Әбдірайымова (51), Лаура Есенкелді (54), Сандуғаш Әбілхан (57) және Жансая Балтабекова (60) әлем чемпионатында бірнеше кездесу өткізіп, жеңіс тұғырынан көріне білді. Ал Салтанат Естаева (75), Арайлым Бекділдә (81) және Дина Исламбекова жарыс болдарын бүгін ширек финалдан бастайтын болады. Әлем чемпионатының финалдық кездесулері 26 қарашада өтеді. Айта кетерлігі, әлем чемпионатына әлемнің 38 елінің 186 қызы қатысуда. Ширек финалға Үндістан мен Ресейден 9-дан боксшы шықты. Ал АҚШ-тың 6, Польшаның 4 қызы жарыс жолында. Қытай, Германия, Түркия және Украинадан 4 қыздан ширек финалға жолдама алды. Ирландия мен Италиядан үш спортшыдан шаршы алаңдағы кездеулерін жалғастырады.