Желтоқсан айында Алматыда төрешілердің біліктілігін арттыруға арналған оқыту курсы өтеді.

Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы (IAAF) мұндай курс кезінде тек 20 қатысушыға ғана сертификат бере алады. Сондықтан келесі аптадан бастап, еліміздің әрбір өңірінде үміткерлерді тесттен өткізу басталады.

Бірнеше күн бұрын біз облыстық жеңіл атлетика федерацияларына төрешілікке қатысты 150 сұрақты жібердік. Оның ішінде қиыны да, жеңілі де бар. Емтиханға кез келген арбитрдің қатысуына болады. Алдымен 20-25 қараша аралығында кішігірім емтихан өтеді. Одан кейін комиссия мүшелері желтоқсандағы курстың тыңдаушыларын анықтайды. Бір айта кетерлігі, бұл курсқа қызығушылық танытып жатқандар көп. Қазіргі кезде Қарағанды, ШҚО, Маңғыстау, Алматы, ОҚО-дан 80-нен астам төреші өз тілектерін білдірді. Тіпті, Қырғызстан федерациясы да 6 төрешісін осы курста оқытуға ынталы екендерін айтып хабарласты. Бірақ IAAF сертификаты тек 20 төрешіге ғана беріледі. Ал қалғаны біздің республикалық федерацияның сертификатына ие болады, – дейді ҚР жеңіл атлетика федерациясы ғылыми-техникалық орталығының жетекшісі Александр Кругликов.

Айта кетейік, төрешілерге арналған курста халықаралық дәрежедегі төреші, Еуропа жеңіл атлетика қауымдастығының менеджері тәжікстандық Вадим Нигматов пен IAAF-тың ресми лекторы, Алматыдағы спорт мектебінің аға бапкері Анжелика Чухлиб дәріс береді,

Александр Кругликовтың айтуынша, курстың мақсаты алдағы уақытта елімізде халықаралық додаларда төрешілік ететін жоғары деңгейлі арбитрлардың санын көбейту.