Қазақстандағы футбол маусымы өз мәресіне жетті. «Астана» футбол клубы төртінші жыл қатарынан ел чемпионатында топ жарып, чемпион атанды. Алайда, еліміздегі футбол маусымының аяқталғанына қарамастан, «Астана» командасының Еуропа Лигасы топтық кезеңі аясында өткізетін екі бірдей кездесуі бар. Дәл қазір астаналықтар турнирлік кестеде топтың басты фавориті «Вильярреал» командасынан бір ұпайға кем жинап, екінші орында келе жатыр. Естеріңізде болса, «Астана» командасы өткен турда Еуропа Лигасының топтық кезеңінде алғаш рет сырт алаңдағы кездесуде жеңіске жетіп, израильдік «Маккабиді» 1:0 есебімен ұтқан еді.

Осы орайда, «Астана» футбол клубының баспасөз қызметі еліміздегі белді спорт журналистері мен спорт тақырыбында қалам тербеп жүрген азаматтар арасында ел футболындағы маусымды қорытындылап, Еуропа Лигасындағы елордалық команданың мүмкіндіктері туралы сауалнама жүргізіп, пікірлерін сұраған болатын.

Сауалнамаға қатысушылар төмендегі сауалдар бойынша өз пікірлерін білдіріп, «Астана» - «Вильярреал» арасындағы кездесуге болжам жасап көрді:

1) «Астана» командасының осы маусымдағы көрсеткен ойынына қандай баға бересіз?

2) Елордалық команданың Еуропа Лигасының топтық кезеңінен шығу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

4) Аталмыш кездесуді жанкүйерлер неліктен стадионнан тамашалау керек деп ойлайсыз?

3) «Астана» - «Вильярреал» арасындағы ойынға болжамыңыз қандай?

Амангелді Сейтхан, «Хабар» телеарнасының тілшісі, белгілі спорт комментаторы:

1) «Астана» дегеніне жетті. «Ақжайықпен» өткен кездесуден кейін Станимир Стойлов былай деді: Маусымға жасалған жоспардың сауатты екеніне көз жеткіздік. Асу алынды. Биіктік бағынды. Егер бас бапкер осылай бағаласа, біздің алып-қосарымыз жоқ. Стойлов ойын қоя білетін маман. Орындаушылар да маэстро көңілінен шықты-ау деймін.

2) «Астана» көктемгі Еуропа сынына біршама жақын тұр. Арасын бір ғана ұтыс бөліп тұрғаны анық қой. Тіпті «Славиямен» сыртта тең түсіп те, жарысты жалғастыруға болады.

3) «Астана» футбол клубы ғана емес, «Астана Арена» да маусым шымылдығын жабады. Қазақ елінің командасы Еуропа көктемінде доп тебуге тақау тұр. Демек, сіз бен біздің стдионға баратын күніміз. Жігіттерге дем беріп, командаға қолдау көрсету үшін. Ақ қарды аңсаған Арқадағы маусым жабар ойын. «Астананың» тынысын ашатын кездесуден бас тартуға бола ма?

4) «Вильярреал» «Астана Аренаны» жатсынбайтын команда. Бізде біріншілік аяқталды. Ол да тұсау. Твумаси жарақат алыпты. Айыққан күннің өзінде аяқ алысы қалай болады? Осы мәселелер алаңдатады. Егер екі апта бұрын ойнағанда «Астана» сөз жоқ, қарсыласының апшысын қуыратын еді. Қазір ойланып қалдық. Тең түссек те жарар еді...

Ермұхамед Маулен, «Егемен Қазақстан» газеті спорт бөлімінің меңгерушісі, спорт комментаторы:

1) "Астана" командасының көрсеткен өнері көңілден шығады. Себебі, команда ел чемпионы атанды. Футболда ең бастысы нәтиже болғандықтан осылай айтпауымызға еш негіз жоқ. Төртінші мәрте қатарынан ел чемпионы болу бұл оңай шаруа емес. Бұл арада бас бапкер Станимир Стойловтың футболшылар құрамын түрлі жағдайда өзгертіп, әр ойынға өзгеше құрам шығарып жүргендігі әсерін берді деп есептеймін.

2) «Астана» топтық кезеңнен өтуі мүмкін. Команданың осыған дейінгі тәжірибиесі жетеді. Топтық кезеңнің өзіндік тактикасын, ұстанымын елордалықтар байқап қалды. Өз алаңындағы ойындарды ұтылмай, сырттағы екі ойында тең түссе де топтан шығады деп болжаған едік. Алайда, «Маккабиді» сыртта да жеңгеннен кейін сенім пайда болды. Команда енді қалған екі ойында 3 ұпай алса, екінші орынмен плэй-оффқа шығады. Мәселені кейінге қалдырмай, өз алаңымызда «сары сүңгуір қайықты» уға батыруымыз керек.

3) Бұл ойында елорда тұрғындары мен қала қонақтары стадионның өзінен тамашалағаны дұрыс. «Астананың» үйдегі сериясы осымен аяқтала ма, әлде одан әрі жалғасын таба ма!? Клуб тарихының алтын діңгегі «Астана Арена» болса, неге осындай маңызды трибунамен тербеліп отырып тамашаламасқа?!

4) «Вильяреалдың» Ла-лигадағы ойындарының барлығы ауыр. Оның үстіне бұл команда «Астанамен»ойнағаннан кейін «Севильямен»тартысты матчы бар. Ол ойын үш күннен кейін өтеді. Ал оған дейін«Вильярреал» «Атлетикпен» күш сынасады. Бильбаоға қонаққа баратын қарсыласымыз, ұзақ жол сапардан шаршайтыны анық. Оның үстіне топтық кезеңді олар өз алаңында елдің бәріне ұпай таратып жүрген «Маккабиге» қарсы ойынмен аяқтайды. Демек, осындай жағдайда жүрген испаниялықтарды «Астана»жеңуі керек. «Астана Аренада»елордалық ұжым еурокубок аясында соңғы рет дәл осы «сарыларға»жеңіліп еді. Енді есе қайтарар тұс жетті.

Жандос Байділда, «Qazsport» телеарнасының комментаторы, белгілі журналист:

1) «Астана» командасының осы маусымдағы ойындарына 5 шкалалық балмен 5 деген баға беруге болады.Әлбетте, бұл менің пікірім. Команда рекорд орнатып, қатарынан 4 рет чемпион атанды. Еуропада жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. «Селтиктен»5-0 есебімен ұтылғаны болмаса, ішкі біріншіліктегі басты бақталасы«Қайрат» пен «Ордабасыдан» 2 реттен жеңілгені болмаса, қалған ойындарда астаналықтар өте тұрақты өнер көрсетті. Шомко, Твумаси, Кабананга, Мужиков алға бір қадам жасағандай көрінді.

2) «Астананың» Еуропа Лигасының топтық кезеңінен плей-оффқа шығуына мүмкіндік бар, бәрі өз қолында тұр. «Вильярреалмен» («Селтиктен» әулие емес) өз алаңында тең ойнап, «Славиямен» сыртта ұпай бөліссе жетіп жатыр. «Астананың» оған шамасы жетеді деп ойлаймын. Мүмкіндігін жоғары, төмен деп бағалай алмаймын, бірақ ең бастысы мүмкіндік жоқ емес. «Маккаби» ол үшін өз алаңында «Славияны» ойсырата ұту керек.

3) Өйткені, бұл матчтың статусынан бөлек, «Астананың» осы маусымдағы (топтан шыққан күннің өзінде келер жылы ойнайды) өз алаңында өткізетін ең соңғы матчы. Жақында ғана ел чемпионы болды, сол үшін қолдап баруға болады.

4) «Вильярреал» бапкер ауыстырып, түрленіп шыға келді. Сансоне мен Бакамбю топырлатып гол ұрып жатыр. Жеңістен жеңіс. Испандар дұрыс жолға түсті. А тобынан 1 орынмен шығу үшін оларға бір жеңіс жеткілікті, сондықтан «Астана» үшін қиын болады.

Кенже Жұмабаев, «Гол.кз» парақшасының негізін салушы:

1) Ең жоғарғы баға беруге болады. Чемпиондықты қорғап қалды, 4 жыл қатарынан чемпион атану қазақ футбол тарихында ешқашан болмағанжәне Европа Лигасының топтық кезеңіне шықты, оған қоса «Астана»бірінші рет өз тарихында Еуропа Лигасының 1/16 плэй-офф кезеңіне жолдама алуға тамаша мүмкіндігі бар. Қазақ футбол тарихындағы«Астананың» арқасында жемісті жылдардың бірі деп айтуға болады.

2) Топтан шығуымыз керек. Бəрі өзімізге байланысты, жігіттердің тəжірибесі шыңдалған, сырт алаңда ойнауды да үйреніп қалдық. Юрмалада да, Израильде де тактикалық жағынан тамаша ойнадық. «Вильярреалға» қарсы ойында топтан шыға алмасақ, Прагада бізге қажетті тең нəтижені алып кетуге болады.

3) Бұл ойынды тарихи деп айтуға болады. Дəл осы ойында Астана жеңіске жетіп жатса, «Славия» Израильде «Маккабиді» ұта алмаған жағдайда елордалық команда Еуропа Лигасының плэй-офф кезеңіне жолдама алады. Сол себепті біздің жігіттерге испандықтарды қалай да ұту үшін стадионға жиналып қолдау көрсету керек. Жанкүйер команданың 12-ші ойыншысы екенін ұмытпау қажет. Əрі Ла Лиганың мықты командаларының бірі біздің елге күнде келе бермейді, сондықтан бұл ойынды тірідей тамашалағанға ештеңе жетпейді. Теледидар стадиондағы атмосфераны жеткізе алмайтыны анық. Осыған орай барлық астаналықтарды бұл айтулыматчқа шықырғым келеді!

4) «Вильярреал» əрине мықты қарсылас, бірақ Астана өз алаңында жанкүйерлер қолдауымен қанаттана ойнайтынын білеміз. Оны Еуропаның талай клубтары «Астана Аренаға» келгенде түсінгені анық. Менің болжамым 2:1 «Астананың» жеңісі.