Астанада 2000 жылы туған жасөспірімдерден құралған футбол орталықтары мен академиялары командалары арасында Қазақстан Республикасы Біріншілігінің финалдық кезеңі басталды.

Біз осыған дейін хабарлағанымыздай, финалдық кезеңге «Астана», «Қайрат», «Ертіс» және «Ордабасы» командалары шыққан болатын.

Алғашқы кездесуде шымкентті «Ордабасы» мен павлодарлық «Ертіс» командалары кездесіп, ойын 4:2 есебімен оңтүстіктен келген команданың пайдасына аяқталды. Екінші кездесуде елордалық жасөспірімдер алматылық «Қайратты» 4:2 есебімен жеңді. Ойында елордалық команда сапынан Владислав Прокопенко дубль авторы атанса, Самат Мажитов пен Сұлтан Сағнаев еншілеріне бір голдан жазды.

«Астана-2000» командасы сенбі күні павлодарлық «Ертіске» қарсы кездесу өткізсе, алматылық команда «Ордабасыға» қарсы ойнайды.

Естеріңізге сала кетейік, елордалық команданың баспасөз қызметі аталмыш кездесулерді клубтың youtube арнасында тікелей эфирде көрсетіп жатыр. Финалдық кезең жеңімпазы алдағы жылы жасөспірімдер арасындағы УЕФА Чемпиондар Лигасында ел намысын қорғайтын болады.