Павлодарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орта білім беретін арнайы мектептер арасында асық атудан бірінші турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім беру басқармасы мен Инновациялық Еуразия университеті қолдау көрсеткен жарысты «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасының белсенділері ұйымдастырды. «Алғаш рет өтіп отырған турнирге облыстағы арнайы орта білім беретін жеті мектептен командалар келді. Әр команданың бір ұл, бір қыздан тұратын екі мүшесі бар. Облыстық орта білім беретін арайы мектеп «Zhasproject» корпусымен бірлесіп «Асық ату - ақыл ойыны» атты жобаны қолға алған болатын. Ұлттық ойынның танымалдығын одан әрі дамыту үшін турнир ұйымдастырып отырмыз», - деді «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасының өкілі, облыстық арнайы білім беру мектеп-интернатының дефектологы Динара Жетпісова. Турнирге арнайы келген білім басқармасының өкілі Азамат Сыздықов, ИнЕУ-дің ректоры Марат Баяндин ұлттық ойынның маңыздылығы мен пайдасына тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Ұлттық асық ойын түрлерін бұдан былай үздіксіз ұйымдастыратын боламыз. Қалалық білім бөлімімен келісім жасалды. Бұл турнир - алдағы үлкен жарыстардың басы», - деді Марат Баяндин. Ұлдар «Бес табан», қыздар «Бес тас» ойыны бойынша сынға түсті. Нәтижесінде ұлдар арасында Шарбақты № 5 арнайы мектебінің оқушысы Станислав Анисов бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды шарбақтылық Жанболат Елубай еншілесе, Ақсу қаласындағы № 3 арнайы мектептің оқушысы Диас Рахымбергенов үшінші орынды қанағат тұтты. Қыздар арасындағы бәсекеде № 4 арнайы мектеп оқушысы София Каминская құрбыларының алды болды. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған Песчан арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Дарья Маноленко - екінші орын, облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушысы Камилла Байтас үшінші орын еншіледі. «Асық ойындарының біраз түрлерін білемін. Көптен бері құрбы сыныптастарыммен ойнап жүрміз. Ұлттық ойын ақыл-ой зеректігіне, ептілікке, ұқыптылыққа үйретеді. Осы жолы үшінші орынға ғана ие болдым. Алдағы өтетін турнирлерге мықтап дайындаламын», - дейді облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушысы Камила Байтас.