Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жауабы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевты күлуге мәжбүр етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыста Арыстанбек Мұхамедиұлы 2018 жылдың ақпан айында Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін 23-ші қысқы Олимпиада ойындарына спортшыларымыздың дайындығы туралы баяндаған болатын. Министр баяндамасын аяқтағаннан кейін Үкімет басшысы қанша медаль алу жоспарланып отырғанын сұрады.

«Бақытжан Әбдірұлы, «Мерейлі болуға мәжбүр» деген сөз бар еді», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Премьер-Министрге қарата. «Олай болса жақсы, сізге олимпиадашыларымыздың дайндығының соңғы кезеңін сапалы өткізу тапсырылады. Және медаль күтеміз. Сізде басқа нұсқа қалмайды, мәжбүрсіз», - деп күлді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетерлігі, министрлік мәліметінше, 2016-2017 жылдың маусымында Қазақстанның қысқы спорт түрлерінен құрама командасы чемпионаттарда, әлем кубоктарында және басқа да халықаралық жарыстарда 129 медаль жеңіп алды. Оның 37-сі алтын, 38 күміс және 54-і қола медаль.

Еске сала кетейік, XXIII қысқы Олимпиада ойындары 2018 жылы 9 ақпан күні Пхенчхан қаласында басталып, 25 ақпанға дейін жалғасады. Жарыстарға 95 ұлттық Олимпиада комитетінің атынан 2 900 спортшы қатысады деп күтілуде. Спорттың 15 түрінен жалпы 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Министр Мұхамедиұлы атап өткендей, Қазақстан Пхенчхан Олимпиадасына спорттың 9 түрінен қатысады.