«Ақтөбе» ФК баспасөз-қызметі ҚПЛ клубтарының баспасөз-қызметі арасында үздік деп танылды.

8-9 қарашада Астанада Қазақстан Премьер-лигасы клубтарының медиа-офицерлерінің семинары өтті. Семинар барысында өткен маусымда жақсы қырынан көріне білген ҚПЛ клубтарының баспасөз-қызметтері марапатталды, ҚКФЛ-ның жаңа техникалық регламенті талқыланды, сонымен қатар, УЕФА медиа-офицері Виктор Даги шеберлік сыныбын өткізді. Семинарға «Ақтөбе» ФК баспасөз-қызметі атынан клуб медиа-офицері Жәнібек Кенжалин, медиа-аймақ басшысы Игорь Войцеховский және медиа-офицер көмекшісі Ардақ Жәңгіров қатысты. ҚКФЛ-ның Техникалық регламентінің барлық талаптарын орындау үшін берілген басты номинацияны ҚКФЛ Президенті Айтхожин Азамат Серікұлы табыстады. Азамат Серікұлы «Ақтөбе» ФК баспасөз-қызметіне 1-ші орын дипломы мен ҚКФЛ символикалық кристалын табыстады. Бір жыл бойы тынбай жасалған еңбек бағаланып, «Ақтөбе» ФК «Астана» мен «Ордабасы» клубтарын артқа тастап, топ жарды. -Бұл «Ақтөбе» ФК баспасөз-қызметі бөлімінің ортақ жеңісі – дейді медиа-аймақ басшысы Игорь Войцеховский. – Бұл бір адамның емес, бөлімнің жыл бойғы төккен терінің жемісі. Ең бастысы, барлық іс-шараларда жанкүйерлер бізді әрдайым қолдап-қолпаштап отырды. Сондықтан, бұл біздің жанкүйерлеріміздің де жеңісі. Біз бұл жетістігімізбен жанкүйерлерді қуанта алдық деген ойдамын. Біздің ойымызша, спорттық нәтиженің қандай болғанына қарамастан, «Ақтөбе» ФК барлық футбол сферасында көшбасшы болуы тиіс. Клуб басшылығына айрықша алғыс білдіргім келеді. Мақсат Әлбекұлы Тюмалиев – жанкүйерлермен жұмыс жағынан болсын, медиа-жобалар мен маркетинг тұрғысынан алғанда да өте жақсы басшы. Бұл біздің және Қазақстандағы көптеген жанкүйерлердің пікірі. Семинар бізге тәжірибе жинауға көмегін тигізді. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасына және ҚКФЛ баспасөз-қызметі бөлімінің басшысы Олег Кунгуровқа осындай үлкен іс-шара ұйымдастырғаны үшін зор алғыс айтамыз. «Ақтөбе» ФК сонымен қатар бір жылғы жұмысты қорытындылап, үлкен презентация жасады. Презентацияны жанкүйерлер әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирден тамашалады.