«Ақжайық» бас бапкері Вахид Масудов «Астанаға» қарсы ойын туралы ой бөлісті, деп хабарлайды елордалық клубтың баспасөз қызметі.

— Біз өте қиын ойын өткіздік. Командалардың деңгейінде үлкен айырмашылық бар. «Астана» екі күн бұрын ойын өткізгеніне қарамастан, бірінші минуттардан-ақ қыспаққа алды. Гол соғатын мүмкіндіктері өте көп болды. Біз қарсы шабуылмен ойнауға әрекет еттік, бірақ ойынымыз жүрмеді. Қолымыздан келгенше қарсылық көрсеттік, бірақ ақыр соңында қарсыластардың деңгейі жоғары екендігі өз сөзін айтты.

— «Астананың» чемпион болғаны қаншалықты дұрыс?

— «Астананы» чемпиондығымен құттықтаймын, ал біз өзіміздің мәселелерімізді шешуге тиіспіз. Біз үшін маусым әлі жалғасады, 9 қарашада өтпелі ойынды өткізуіміз қажет.

— Футболда үшінші команданы ынталандыруға тыйым салынбаған ғой, Сізге «Қайраттан» біреу хабарласқан болар?

— Біз өз мәселелерімізді шешеміз, маған ешкім хабарласқан жоқ, ал футболшыларға біреу қоңырау шалды ма, жоқ па — өздерінен сұраған жөн. Жігіттер қаншалықты қиын жағдайға тап болғанын көрдік, біз «Астанаға» табанды қарсылық көрсетуге тырыстық. Бірақ бәрі де біз ойлағандай болған жоқ.

— «Астана» қатарынан төртінші рет ел чемпионы болып отыр, еурокубоктардың көктемгі кезеңіне шығуға жақын тұр. Осыған қарап «Астана» дәл қазір еліміздің ең мықты командасы деуге бола ма?

— «Астана» Еуропада жақсы тәжірибе жинақтады, сондықтан да Қазақстанда үстемдік құрып отыр. Біздің футболшыларымызға жетпей тұрған дүние — міне, осы.