Шығыс Қазақстанда жеңіл атлетикадан алғашқы кәсіби клуб құрылған болатын. Оның ресми таныстырылымы 3 қараша күні Өскемен қаласында өтеді. Осы ретте клуб құрамына кірген 7 спортшының ішінде жас қазақстандық атлеттерге көңіл аударуды жөн санадық.

ҚР Жеңіл атлетка федерациясының ұсынысымен ШҚО әкімдігінің қолдауымен құрылып отырған ALTAY athletics club құрамында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, жас қазақстандық атлеттер Варвара Назарова мен Артур Гафнер және Шэдрак Кимутаи Коич, Каролин Чипкоич Кипкируи, Тануи Нора Джируто,Дэйзи Джипкемей секілді кениялықтар бар.

Ольга Рыпакова ­ еліміздің мақтанышы. Оның жетістіктерін отандық спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Ал Гафнер мен Назароваға тоқталар болсақ, екеуі де өте жас. Артур биыл 19-ға, Варвара 20-ға толды. Соңғысы өткен жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлде еншілеген. Айтпақшы, екеуі де найза лақтырумен айналысады.

Гафнердің жеке рекорды 71, 35 метр. Алматыда өткеен Қазақстан кубогында тіркелген. Сол жарыста Назарова 51,33 метрге лақтырып чемпион атанды.

Жаңадан құрылып жатқан клубтың басшылығы әзірге жергілікті спортшылардан Рыпаковаға және осы екі жас атлетке сенім білдіріп отыр. ALTAY athletics club таныстырылымы 3 қараша күні сағат 16:00-де Өскемендегі облыстық драма театрдың залында өтеді.