«Астана» футбол командасының бас бапкері Станимир Стойлов Қазақстан премьер-лигасының ХХХІІ туры аясында Алматының «Қайратына» қарсы ойыннан кейін баспасөз конференциясын өткізді.

- Біз бүгін бәрін шешуді ойлап едік. Бірақ қолымыздан келмеді, жоспарымызды орындай алмадық. Ойыншыларым үлкен қысымның астында ойнады. Оларға сенімділік жетіспегені көрініп тұрды.. Ал стандартты жағдайдан гол жіберуіміз... Бірінші гол соғылғаннан кейін өз ойынымызды жоғалтып алдық.

- Алда «Маккабиге» қарсы маңызды ойын күтіп тұр. Логвиненконың жағдайы туралы пікір білдірсеңіз.

- Ол мұрнын сындырып алған сияқты. Алдағы екі ойынға қатыса алмайтын сияқты.

- Биыл «Қайратқа» қарсы төрт ойынның үшеуінде жеңіліп қалдыңыздар. Алматының командасын жеңуге не жетпейді?

- Бізге сенімділік жетіспегені анық. Өз кезегінде «Қайрат» та гол соққанға дейін айтарлықтай қауіп тудырмады. Бүгінгі жеңілісімізді өз мойныма аламын. Дұрыс шешім қабылдамаған секілдімін. 0:0 кезінде ойын тең дәрежеде жүріп жатқан. Ешкімнің басымдығы білінбеген еді.

- «Қайрат» ойын соңына таман қарқынын күшейтті...

- Тағы да қайталап айтайын, бірінші голдан кейін біз өз-өзімізді жоғалтып алдық. Осының салдарынан ұйымшылдығымыз да жоғалды. Ал ары қарай... Міне, осыдан кейін «Қайраттың» да ойыны күшейіп кетті.

- Шымкентке екінші құрамды апарып, асығыс шешім қабылдадым деп ойламайсыз ба?

- Біз бірінші құраммен де жеңіліп қалуымыз мүмкін едік. Жоспарымыз басқа еді. Енді соңғы турда «Ақжайықты» ойлауымыз керек. «Маккабиге» қарсы жақсылап ойнап, «Ақжайықты» жеңуіміз керек. Егер соңғы турада жеңіске жетсек осыған дейінгі құрған жоспарымыздың дұрыс болғаны. Ал егер кері жағдай болып жатса жыл бойғы алға қойған стратегиямыздың дұрыс болмағаны.

- «Маккабиге» қарсы негізгі құрамды апарсыз ба, әлде «Атлетикомен» өткен ойын секілді басты ойыншыларыңызға демалыс беріп, «Ақжайықты» ойлайсыз ба?

- «Қайратпен» ойын жаңа ғана аяқталды. Қазір ол туралы әлі ойланбадым. Жылдам шешім қабылдай алмаймын. Екі ойынды да жоғары деңгейде аяқтауға тырысамыз. Сондай-ақ ойыншылардың жағдайына да байланысты болмақ.