Солтүстікирландиялық кәсіпқой боксшы Райан Барнетт қазақстандық Жанат Жақияновпен өткен жекпе-жек туралы пікір айтты. Бұл туралы Belfast Telegraph басылымына сілтеме жасап, Baq.kz жазады.

Барнетт кездесудің өте қиын болғанын, кей сәттерде шыдамы таусылуға шақ қалғанын мойындады.

«Денеме және басыма бірнеше рет ауыр соққылар тиді. Көп боксшылардың тізерлеп қалатын сәттері осындай кездер деп ойлаймын, бірақ мен капамды тістеп тұрып алдым және алға қарай жүре бердім. Қайсар мінез көрсеттім деп есептеймін. Мұндай кішкентай шешімдердің маңызы үлкен, соның арқасында титулды иеленесің. Мен де тізерлеп қалсам, шешіммен (төрешілердің) жеңе алмауым мүмкін еді.

Шешімді естіген кезде өзімді бақытты сезіндім. Бұл супер жекпе-жекке Адам Бут (бапкері) екеуміз тамаша дайындалдық. Бұрышыңда ондай адам болғаны өте маңызды.

Мен қашықтан бокстасқым келді, бірақ ол (Жақиянов) тым агрессор болды. Сондықтан оны өз ойынында ұруға тырысуым керек болды және сөйттім де», - деді Райан Барнетт.

Жақиянов-Барнетт жекпе-жегі Солтүстік Ирландияның астанасы Белфастта өтіп, жергілікті боксшы төрешілердің бірауыз шешімімен жеңген болатын.