Табиғатымен талайды тамсандырған Түркияда алты күнге созылған дүбірлі дода өз мәресіне жетті.

«Түркия туры» деп аталатын велокөпкүндік Алания қаласынан бастау алып, Ыстамбұл шаһарында аяқталды. Соңғы кезең Еуропа мен Азияны жалғап тұрған шырайлы Ыстамбұлда өтті. 143 шақырымға созылған кезеңді Trek – Segafredo командасының шабандозы Эдвард Тёнс жеңіп алды. Көшбасшылар соңғы сәтке дейін бірге жүрді. Пелотонды бастаған Эдвард Тёнс пен жасыл жейденің иегері Сэм Беннет арасында жарыс өрбіді. Алайда мәреге бір шақырымнан аз қашықтық қалғанда Сэм Беннет құлап түсті. Мүмкіндікті мүлт жібермеген Эдвард Тёнс мәре сызығын бірінші болып кесті. Эдвард Тёнстан кейін іле-шала мәреге ВОRA командасының шабандозы Маттео Пелукки келіп жетсе, үздік үштікті италиялық Androni командасының өкілі Франческо Гавацци түйіндеді. Ал Astana Pro Team cапынан үздік нәтижені Рикардо Минали көрсетті. Ол мәреге жетінші болып келген.