Алматыда шайбалы хоккейден әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты басталды

Бүгін Балуан Шолақ атынддағы спорт сарайының кіші алаңында шайбалы хоккейден әйелдер арасында ел чемпионатының бірінші турының ойындары өтті.

Ең алғашқы болып мұз айдынына алаң кожайындары алматылық "Айсұлу" астаналық "Томирис" командасына қарсы шықты. Кездесу Александр Мальцев шәкірттерінің пайдасына 4:0 есебімен аяқталды.

- Бүгінгі матч жақсы өтті. Біз жеңгенімізбен, бапкеріміздің айтуынша, бұдан да көп шайба соғуға мүмкіндіктеріміз бар еді. Чемпионат енді басталды, нәтижелер туралы сөз қозғау әлі ерте. Дегенмен, біз әрқашан тек жеңіске жетеміз деген оймен алаңға шығамыз, - деп атап өтті «Айсұлу» хоккей клубының капитаны Меруерт Рыспек.

Келесі ойын «Торпедо» мен «Айсұлу U-18» клубтары арасында өтті. Матч 6:2 есебімен өскемендік команданың жеңісімен аяқталды.

- Біздің хоккейші қыздармыздың дайындық деңгейі жоғары. «Айсұлу U-18» командасы негізгі құраманың жаңа ұрпағы десек те болады. Олардың «Айсұлу» xоккей клубы сияқты бағындырар шыңдары әлі алда, - деп бөлісті "Айсұлу" хоккей клубының бас бапкері Александр Мальцев.

Айта кетер жайт, алматылық «Айсұлу» хоккей клубының ойыншылары ұлттық құраманың басты мүшелері болып саналады. Өткен маусымда олар Қазақстан чемпионатын жеңіп алып, Әлем, Еуропа және Азия біріншіліктерінде , сондай-ақ 2017 Алматыда өткен қысқы Универсиада ойындарына қатысқан болатын.

Қазіргі танда "Айсұлу" командасы ел біріншілігінің тұрақты көшбасышы болып саналады. Өткен маусымда чемпионатқа 5 команда қатысқан болатын. Олар «Айсұлу» (Алматы), «Томирис» (Астана), «Торпедо» (Өскемен), «Жұлдыз » (Алматы) және «Горняк» (Рудный).

Бірінші тур ойындары төмендегі кесте бойынша өтеді:

11 қазан:

10:00 – «Айсұлу» - «Торпедо»

12:40 – «Томирис» - «Горняк»

12 қазан:

10:00 – «Томирис» - «Торпедо»

12:00 – «Айсұлу U-18» - «Горняк»

13 қазан:

10:00 – «Айсұлу» - «АйсұлуU-18»

12:40 – «Торпедо» - «Горняк»