Қазақстандық дарынды, болашағынан үлкен үміт күттіретін боксшы Садриддин Ахмедов кәсіпқой боксқа ауысады, деп хабарлайды ProSports сайты.

Қазақстан Ұлттық құрамасы сапында 69 келіде өнер көрсетеді. Бұл салмақта Садриддиннен бөлек Абылайхан Жүсіпов пен құрамаға қайта оралған, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов те жұдырықтасады.

19 жасар былғары қолғап шебері қазіргі таңда америкалық The Heavyweight Factory промоутерлік компаниясымен келіссөз жүргізген. Келісімшарттың мерзімі 4 жылға жоспарланбақ. Тек қос тарап қол қоюы қажет.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы жастар арасында өткен әлем біріншілігінде үш қарсыласын нокаутпен ұтып, ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені салған болатын. Садриддин Ахмедов әуесқой бокста шаршы алаңда 251 жекпе-жек өткізіп, оның 241-інде жеңіске жеткен.