2017 жылдың 28 қыркүйегінде Алматы қаласында «Алматы туры – 2017» шосседегі Халықаралық кәсіби көпкүндік веложарысының бесінші, мерейтойлық нұсқасын өткізуге орай ресми баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

Жарыстың жаңа форматы, қаланың дайындығы және бесінші «Алматы туры» ерекшеліктері жайлы әңгімелейтіндер:

  • Әбіл Донбаев – Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы;
  • Аманбек Қульчиков – Қазақстан велосипед спорты федерациясының вице-президенті;
  • Пьер Хатсебаут – UCI техникалық делегаты, жарыс директоры;
  • Алексей Луценко – "Astana Pro Team" велошабандозы;
  • Якоб Фульсанг – "AstanaProTeam" велошабандозы.

Еске саламыз, биыл «Алматы туры» халықаралық жарысы Велосипедшілердің Халықаралық Одағы (UCI) регламенті бойынша шосседегі көпкүндік веложарысы жаңа статусын алды. «Алматы туры – 2017» алғаш рет екі кезең бойынша өтеді – биылғы 30 қыркүйек пен 1 қазанда.

Негізгі жарыс бөлігінен бөлек, веложарыс ұйымдастырушылары велосипед спортының жанкүйерлеріне спорттық ойын-сауық бағдарламасын дайындады. Оңтүстік астана тұрғындарына «Астана» велокомандасының жұлдыздарымен әңгімелесіп, жарысып көру мүмкіндігі туып тұр.

Веложарыстың ресми баспасөз мәслихаты аяқталғаннан кейін әуесқой велоспортсүйер қауымға Панфилов көшесіндегі («Алматы» қонақүйінің маңында) жаяу жүргінші «дәлізінде» спринтерлік жарыстар ұйымдастырылады. Қатысушылар жеребе тарту әдісімен 5 адамнан тұратын топтарға бөлінеді. Әрбір жарысқа қосымша мотивация болуы үшін «Астана» кәсіпқой командасының велошабандозы қосылады.

Жарыс қорытындысы бойынша қатысушылар бірінші, екінші және үшінші орын алғаны үшін бағалы сыйлықтармен марапатталады, ал жеңімпаз жарысқа аккредитация алып, жарыстың арнайы техникалық автомобилінде жолаушы ретінде "Алматы туры" "қатысушысы" атанады.

Веложарыс қарсаңындағы күндері қатысушы командалардың таныстырылымы мен велошабандоздардың ресми жаттығуы өтеді.