Көптен күткен халықаралық веложарыс «Алматы Туры» осы күздің ең басты оқиғаларының бірі болмақ. Аталмыш шара биыл Халықаралық Велосипедшілер Одағы (UCI) регламентіне сәйкес, алғаш рет көпкүндік тасжолдағы веложарыс атағына ие болды, деп хабарлайды ақпараттық спорттық ХАБ. 2013 жылы бастау алған «Алматы Туры» веложарысын ұйымдастыру деңгейі жоғарлады. Біркүндік «1.2» санатты веложарыс болғандықтан, кәсіби командалар қатыса алмаған. Алайда, енді, UCI келісімімен «Алматы Турының» 2014 жылы «1.1» кәсіби веложарыс мәртебесін иеленгені, қатысушылар санын біршама арттырды. Біркүндік халықаралық жарыстың мәртебесін көтеру оңай емес, мұндай үдеріс біршама уақытты қажет етеді, оны қарастыру бірнеше немесе ондаған жылға созылуы мүмкін.