Қыркүйектің 30-ы және қазанның 1-і күндері алып шаһарда «Алматы Туры- 2017» веложарысының жалауы желбірейді. Бесінші мерейтойлық жарыс жаңа деңгейге көтерілді: алғаш рет «Алматы Туры» екі кезеңде өтетін болады. Велобәйгенің Қазақстандағы велоспорттың дамуына әсері жайлы Қазақстанның велоспорт Федерациясының президенті Дархан Калетаев ақпараттық және спорттық хаб тілшісіне әңгімелеп берді.

- Дархан Аманұлы, осы жылы халықаралық кәсіби тасжолдағы веложарыс «Алматы Туры» бесінші рет өтеді. Оның деңгейі, санаты өзгерді ме?

- Иә, дәл осы бесінші мерейтойлық жарыстың жаңа деңгейге көтерілгені жақсы белгі сияқты. Осы жылы аталмыш шара Халықаралық Велосипедшілер Одағы (UCI) регламентіне сәйкес, көпкүндік тасжолдағы веложарыс атағына ие болды. Енді, «Алматы Туры-2017» екі кезеңде өтеді. Әрине, шараны ұйымдастыру шарттары, жұмыстары жаңа форматқа бейімделетін болады.

- "Алматы Туры -2017" веложарысның тасжолы қандай болатынын айтып берсеңіз?

- Жаңа форматты ескере отырып, осы жылы жарыс тасжолын біршама күрделетіп, алып шаһардың таулы аймақтарын да іске қосуды ұйғардық. Атақты комментатор Сергей Курдюков өз сұхбатында атап өткендей, мұндай табиғи байлықтарды қолданбау мүмкін емес! Доданың бірінші кезеңі тегіс асфальтталған Алматының көшелерінде өтсе, ал екінші күні велошабандоздар таулы аймақта өзара мықтыны анықтайтын болады. Мәре «Медеу» мұздайдынының маңында болады.

- Веложарыстың жаңа форматы қатысушылар тізіміне, санына әсер етті ме? Атақты велошабандоздар қатысады ма?

- Осы жылы біз қатысушы командалардың санын 20-ға дейін арттырып, бүгінгі күні 20-сы тіркелген. Атап өтсем, «Алматы Туры-2017» жарысына 17 мемлекеттің спортшылары қатысады. Қазақстандық кәсіби «Astana Pro Team» командасы да дәстүр бойынша «Алматы Турда» бақ сынайды.

- «Алматы Туры» - жас жоба. Сіздер жарыс санатын "2.1" қалай көтере алдыңыздар?

- Біз төрт жыл бойы «Алматы Турды» ұйымдастыра отырып, бұл жобаға біраз өзгерістер енгізуге тырыстық. «Алматы Туры» 2013 жылы бастау алған болатын. Бір жылдан кейін біз «біркүндік кәсіби» веложарыс мәртебесіне қол жеткіздік. Біркүндік «1.2» санатты веложарыс болғандықтан, кәсіби командалар қатыса алмаған. Соңғы үш жылда осы санатта жұмыс атқардық. Біз алдыңғы Тур ауқымын, ұйымдастыру жағын бағалай отырып, аталмыш шараны жаңа деңгейге көтеруді ұйғардық. Біркүндік халықаралық жарыстың мәртебесін көтеру оңай емес, мұндай үдеріс біршама уақытты қажет етеді, оны қарастыру бірнеше немесе ондаған жылдар уақытты алуы мүмкін. Біз көпкүндік тасжолдағы веложарыс мәртебесін 4 жылдан кейін иелендік, яғни Халықаралық Велосипедшілер Одағы (UCI) біздің велоспорттағы бағытымызды жоғары бағалады. Сонымен қатар, біз халықаралық велоспорттың дамуына белсенді ат салысамыз.

- Қазақстанда велоспорттың дамуы үшін "Алматы Турдың" маңыздылығы туралы айтып кетсеңіз?

- Қазақстанда велоспорт – әйгілі де сүйікті спорт түрлерінің бірі. Қазіргі таңда, елімізде бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Ал велоспорт – қолжетімді әрі «халыққа арналған» физикалық белсенділік түрі. «Алматы Туры» сияқты спорттық шаралар әуесқойларға айтулы доданың басы-қасында болып, атақты әлемдік деңгейдегі велошабандоздардың жарысын тамашалауға мүмкіндік береді. Жалпы, Алматыда велоспорт дамыған, мұны қаланың инфрақұрылымынан байқауға болады. Алып шаһарда саябақтар, саяжолдар, велосипедке арналған жолдар баршылық, сондай-ақ, велосипедті жалға беру жүйелері дамып келеді, мұның барлығы әрине, қуантарлық жайт. Спорттың дамуына көңіл бөліп, ол үшін барлық жағдай жасап отырған Алматы қаласы әкімдігіне деген алғысым шексіз. Бұған дейін, төрт жыл бойы біз қала әкімдігінің, спорт басқармасының қолдауымен «Алматы Турын» ұйымдастыру үшін аянбай еңбек еттік. Біз бірлесе отырып, сапалы, халықаралық спорттық жобаны іске асырдық.