Бүгін мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде ересектер арасында сабмишн файтингтан «Fall Open 2017» ашық халықаралық Arlan Grip Selection турнирі өтті. 200-ге жуық спортшы жарыс жолына шығып, өзара мықтыны анықтады.

Жарыс төрешілердің ереже түсіндіруімен басталды. Олар қатысушыларға тыйым салынатын тәсілдерді көрсетіп, спортшының қандай жағдайларда шектелетінін айтты. Сонымен қатар, джитсерлер төрешілер шешімімен, ауыртпа тәсілдермен және де ұпай арқылы жеңіске жете алатынын да атап өтті.

Байрақты бәсеке көрермендері Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Қырғызстаннан келген спортшылардың қызықты да тартысты жекпе-жектерін тамашалады.

- Мен осы турнир туралы естіп, қатысуға бел будым. Арнайы осында бақ сынау үшін Жаркент қаласынан келдім. Осы спорт түрімен бір жылға жуық шұғылданудамын. Қарсыластарымды жеңіп, алтынды олжалағаныма аса қуаныштымын. Соңғы шешуші кездесуімде қарсыласымды ауыртпалы тәсіл арқылы тізе бүктірдім. Жалпы, бәсекеден керемет әсер алдым, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, - деп бөлісті жарыс жеңімпазы Алижан Тұрсынов.

Айта кетсек, спорттық шараның басты мақсаты, Қазақстанда джиу-джитсуды дамытып, елге таныту, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау, спортшылардың шеберліктерін арттыру, үздіктерді анықтау.

- Бүгін бозкілемге мықты спортшылар шықты, олармен бәстескеніме аса қуаныштымын. Соңғы қарсыласым техника жағынан меннен басым түсіп, жеңді. «Каzakhstan Top Team» ұжымына алғысымды білдіремін. «Arlan Grip Selection» турнирі әрқашан жоғарғы деңгейде өтеді, - деп атап өтті жарыс жүлдегері Айдар Тулебаев.

Аталмыш жарыс ADCC ережелеріне сәйкес түрлі салмақ санаттары бойынша белдесті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом мен медальдермен марапатталды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегер тізімін arlangrip.kz сайтынан көре аласыздар.