1000-ға жуық қыздар мен ұлдар аула командалары арасындағы футбол лигасында бақ сынады

Бүгін Алматы Энергетика және Байланыс Университеті (АЭжБУ) стадионында 15-ші рет футболдан аула командалары арасында Қала күніне арналған жарыс өтті. «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында өткен лигаға 1000-ға жуық қыздар мен ұлдар командалары өз өнерлерін ортаға салды, деп хабарлайды Ақпараттық және спорттық ХАБ.

Теңбіл доп додасына жалпы 114 команда тіркеліп, оның елу төрті 8-14 жас аралығына дейінгі жеткіншектер болды. Ойындар олимпиада жүйесі бойынша «Мaxi чай» компаниясының қолдауымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өткізілді.

Балалар арасындағы жарыс нәтижесінде «Россонери» командасы бірінші орынға ие болды, ал «Бешікташ» және «Император» футболшылары екінші және үшінші орынға жайғасты.

15 жастан жоғары жастар арасында өткен лигада «Тастақ-1» командасы жеңіс тұғырынан көрінсе, «Император» футболшылары күміспен күптелді. Ал «Рубин» ұжымы қоланы қанағат тұтты.

- Біз өте ризамыз. Бүгінгі ойындардың барлығы біз үшін өте сәтті аяқталды. Бірінші орынға жайғасып, дайындықтын нәтижесін көріп отырмыз. Аладағы уақытта да келіп жеңіске жетуге тырысамыз. Ұйымдастырушыларға осы жарыстар үшін алғыс білдіргім келеді, - деді «Тастақ-1» командасның ойыншысы Ерасыл Тұрсын.

Айта кетер жайт, осы турнирде «Лидер» және «Спутник» қыздар командалары да ұлдармен қатарлас өз өнерлерін көрсеткен болатын. Алайда, сәттілік жетіспей олар бірінші айналымнан аса алмады.

Аула командалары арасындағы футболдан жарыстар Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізіледі. Бағдарламының басты мақсаты қала қонақтарымен тұрғындарың бұқаралық спортты дамытуға негізделген.

Келесі футболдан аула командалары арасындағы лига қазан айының 1-і күні «Алматы Арена» мұз сарайының артында орналасқан жаңа стадионда өтеді деп жоспарлануда.