Қыркүйектің 16-сы мен 27-сі аралығында Түрікменстан астанасы Ашхабадта жабық кешендегі Азия ойындары өтеді.

Кешенді сында ел намысын қорғайтын спортшыларды Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Қазақстан құрамасы Азия ойындарында спорттың 17 түрінен сынға түседі. 113 үміткердің арасында жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар. Іс-шара барысында танымал спортшы мемлекеттік туды таэквондодан ел чемпионы Нұрлан Мырзабаевқа табыстады. Бірнеше халықаралық турнирлерде топ жарған Нұрлан ел сенімін ақтау үшін аянып қалмайтынын жеткізді.

- Азия ойындарында мен жеңіл атлетиканың екі түрі бойынша сынға түсемін: үш аттап секіруден және ұзындыққа секіруден. «Гауһар лигасынан» кейін бабымды жоғалтып алмас үшін жаттығу жасап жүрдім. Демалатын уақыт болған жоқ. Ендігі мақсат – Азия ойындарында көк туымызды биіктен желбірету, - дейді Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова.