17 қыркүйекте «Астана-2017 марафоны» өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фейсбуктегі AstanaMedia парақшасының жазуынша, оған қатысушылар өз таңдауы бойынша үш түрлі қашықтықтан өтуі тиіс. Марафон бағыты спортшылар «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Бәйтерек» монументі, Назарбаев Университеті, «Астана-Арена» спорт кешені сияқты қаланың көрікті жерлерін көре алатындай етіп жасалған. Марафон бағыты қаланың негізгі көшелерін қамтығандықтан, ол көшелерде көлік қозғалысы сағат 07:00 - 14:00 уақыт аралығында шектелінеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына жексенбі күні көлік кептелісіне түспеу үшін жұмыстарыңызды алдын ала жоспарлауды ұсынамыз. Аталмыш марафон 2009 жылы SOS «Балалар ауылы» және «Балалар үйі» үшін 1 млн теңгеге жуық қаржыны жинаған қайырымдылық жарысынан бастау алады. 2015 жылы алғаш рет 42,2 км қашықтыққа жүгіру өтті. Айта кетерлігі, 2009 жылдан бері марафон аясында қайырымдылық ұйымдары үшін 31 млн теңге қаржы жиналған.