Қазақстанның ауыр атлетика федерациясында БАҚ беттерінде жарияланған дисквалификацияланған ресейлік спортшылардың азаматтығын ауыстыруы жөніндегі хабарламаға түсінік берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ҚР ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ресей спортшыларын Қазақстан ұлттық құрама командасына алуға қатысты ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Қазақстан ауыр атлетика федерациясының Қазақстан құрамасына легионерлер тарту туралы жоспары жоқ және болған да емес. Федерация мен аталған спортшылар арасында қандай да бір келіссөздер жүрген жоқ, біздің тарапымыздан ешқандай шақыртулар болған жоқ және аталған атлеттерге ешқандай қаржылай көмек жасалмайды. Қазақстан және Ресей арасында визасыз тәртіп орнатылғаны бәріне белгілі, сол себепті Ресей азаматтарының біздің Республикамыздың аумағында болғандығында тұрған ештеңе жоқ», - деді ҚР ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафин.

Айта кетейік, бірқатар БАҚ-та 2015 жылғы Еуропа чемпионатының жүлдегері Надежда Лихачева, 2017 жылғы Ресей жасөспірімдер біріншілігінің жеңімпазы Мария Андреева, 2014 жылғы жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионы Денис Кехтер және 2014 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Лариса Кобелева жаттықтырушылары Назип Шигаповпен жыл басында Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алуға өтініш білдірген деп хабарлаған болатын. Қазір олардың Текелі қаласында (Алматы облысы) оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқандығы айтылған еді.