ермания елінің Гамбург қаласында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін үш қазақ боксшысы: Қайрат Ералиев, Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев өз салмақтары бойынша ақтық сайыста қарсыластарымен қолғап түйістіреді. Осы ретте «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі бүгін қазақтың гүрзі жұдырықты былғары қолғап шеберлерімен айқасқа түсетін қарсыластары туралы мәліметтерді ұсынады.

Қайрат Ералиев (Қазақстан) - Дюк Раган (АҚШ)

56 келіге дейінгі салмақта Қайратпен шаршы алаңға шығатын Дюк Раган осы айдың 18-де 20 жасқа енді толады. Жас боксшы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында америкалық бокссүйер қауымның аузынан түспеген кәсіпқой былғары қолғап шебері Аарон Прайор шыққан Огайо штатының Цинцинатти қаласынан келіп отыр. Жас пері осы жылдың наурыз айында Германияның Гала қаласында өткен Химиктер кубогында Ресейдің мықтысы Василий Веткинді 4:0 есебімен ұтып, топ жарғаны бар. Бір қызығы, Цинцинаттиден осы уақытқа дейін он шақты боксшы жазғы Олимпиада ойындарында өнер көрсетсе де, бірде-бірі алтын медальға қол жеткізбепті. Сондықтан, Раган бір сұхбатында «Цинцинаттиден бокстан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болғым келеді» деген екен. Не бары 19 жастағы жас боксшының әлбетте, Токиода топ жаруға мүмкіндігі зор. Раган АҚШ-тағы ұлттық алтын қолғап турнирінің және сол елдегі Ұлттық чемпионаттың чемпионы. Қарқыны бұл сайыста да осал емес. Әсіресе, соңғы кездесуінде (жартылай финалда) үндістандық Гаурава Будхуриді 5:0 есебімен таза ұтқанын ескерсек, Қайратқа бүгінгі айқас оңай тимейтіні сөзсіз. ...Бірақ, біздің боксшы да таудай талабымен және зор тәжірибесімен медальдің алтынынан ғана үміттеніп отырғаны сөзсіз.

Әбілхан Аманқұл (Қазақстан) - Александр Хижняк (Украина)

Әбілхан мен Александр чемпионатта 75 келіге дейінгі салмақта алтын медальді сарапқа салады. Украина спорт мектебінің көрнекті өкілі ұлттық құрамасының көшбасшысы саналады. Өз еліндегі Дмитрий Митрофановты сан соқтырғаннан кейін Украина құрамасының бапкерлері бұл чемпионатқа дейін Хижнякты Еуропа чемпионатына жұдырықтастырып көрген. 22 жастағы боксшы үмітті ақтап, Еуропа чемпионы атанды. Боксқа қатысы жоқ болса да, бір қызықты жайт - Александр Хижняктың үш аталарының да (әкесі, атасы, арғы атасы) аты Александр екен. Қазіргі уақытта құрамада жасындай жарқылдап жүргенімен, 2016 жылғы Рио олимпиадасына Хижняк олимпиадалық лицензиядан қағылып қалған. Бірақ, Александрға ең оңай тимей тұрғаны - өз еліндегі 75 келіге дейінгі салмақтағы бәсеке. Онда жыл сайын ұлттық құраманың капитаны саналатын Дмитрий Митрофановпен бәсекелесу үшін Хижняк барын салады екен. Содан болар, тынымсыз жаттығу Хижнякты Әлем чемпионатында финалға дейін алып шықты. «Кәсіпқой боксқа ауысуды ойлап көрмедіңіз бе?» деген тілшілердің сауалына Хижняк әзірге ол жағын ойлана қоймағанын айтып жауап беріпті. Бірақ, оған ұсыныстар көптеп жатқанға ұқсайды.

Қамшыбек Қоңқабаев (Қазақстан) - Магомедрасул Меджидов (Әзербайжан)

Осы чемпионаттағы ең ауыр салмақтың бәсекесін қазақ боксшысы әлемнің екі дүркін чемпионы әзербайжандық Меджидов Магомедрасул Юсуб оглымен өткізеді. Меджидов бұған қоса Иван Дычконың да «ежелгі қарсыласы» десе де болады. 2013 жылы біздің Дычконы Алматыда өткен әлем чемпионатында ауыр нокаутқа жіберген осы Меджидов болатын. Былтырғы жылы өткен Рио олимпиадасы кезінде Меджидов қабағынан жарақат алып Дычкоға жол берген еді. Меджидовтың жетістіктері туралы сөз қозғайтын болсақ, алдымен оның 2011 жылы Бакуде бокстан өткен әлем чемпионатында бірінші орын алғанын атап өтуге болады. Тартысты финалда ол қазіргі уақытта кәсіпқой бокстың шаңын қағып жүрген Энтони Джошуадан (Ұлыбритания) 1 ұпаймен ғана басым түскен. Артынша, 2012 жылы Меджидов жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, Лондондағы байрақты бәсекеде қола жүлдеге ие болған еді. Гамбургте өтіп жатқан әлем чемпионатында Меджидов австралиялық Джозеф Гудаллды жеңіп, финалға жолдама алып отыр. Қанша қарымды дегенімізбен, Меджидовта кешегі қайрат жоқ секілді. Әсіресе, жылдамдығы жағынан кемшін түсіп жатқаны көрініп тұр. Бұл күнде әзербайжандықтың жасы 32-ге келіп қалған. Қанша мықты дегенімен, Меджидовтың әуесқой бокспен қоштасар шағы да алыс емес секілді.

Кәсіпқой бокстан гөрі жастық жалын мен жігердің әуесқой бокста артықшылығы басым. Ендеше, әлемнің екі дүркін чемпионын 26 жастағы Қамшыбектің Қоңқабаев тізе бүктірер сенейік.