Әйелдер арасында кәсіпқой бокстан Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Фируза Шарипова туған жері Таразға келді.

WIBA және WBU нұсқалары бойынша белбеу иесін жерлестері әуежайдан күтіп алып, құрмет көрсетті. Спортшының жеңісі – қазақ боксы үшін үлкен табыс. Ол бокспен 11 жастан бері шұғылданып келеді. Өткен жылы кәсіпқой рингте алғаш рет өнер көрсетті. Шарипова чемпиондық атақ үшін өткен кездесуге жарты жыл бойы Мәскеуде дайындалған. ЭКСПО көрмесінде болгариялық бұрымдымен қолғап түйістіріп, қарсыласынан басым түсті. Сөйтіп, екі бірдей нұсқа бойынша әлем чемпионы атанды. Енді Фируза екі аптадай тынығып, жаттығуға қайта кіріспек.

- Бұл менің 10 раундқа созылған алғашқы кездесуім болды. Жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Әрине қателіктер де жоқ емес. Әлі де көп жаттығу қажет. Қазір келесі кездесуге қатысты келіссөздер жүріп жатыр. Қараша немесе желтоқсан айларында тағы бір титулдық жекпе-жек болатын шығар. Бірақ бұл жолы басқа салмақта өнер көрсететін боламын. Қарсыласым бельгиялық немесе ресейлік спортшы болып қалуы әбден мүмкін, - деді Фируза Шарипова.