«Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов «Легияға» қарсы өткен жауапты матчтан кейін ойын жайлы пікір білдірді.

- Шыны керек, алғашқы ойынға қарағанда «Легия» бүгін бізге қарағанда жақсырақ ойнады. Қарсыластарымыздың бір-екі мүмкіндігі болса, бізде біреу ғана болды. Себебі, бүгін командам үлкен қысымның астында ойнауына тура келді. «Астана» осымен үшінші рет ЧЛ-ның немесе ЕЛ-ның топтық кезеңінде ойнауына мүмкіндік туып тұр. Біз үшін бұл үлкен жетістік. Осы орайда бүкіл Қазақстанды, «Астананың» бүкіл жанкүйерін құттықтағым келеді. Ұжымымызда қызмет ететін әрбір адам, футбол, бапкерлік алқада жүрген әрбір жанның бұған қосқан үлесі зор. Бұл матчтың қиын болатынын алдын ала біліп келдік. Әрине, осындай үлкен командалармен бәсекелесу арқылы чемпионатымыздың деңгейі де арта түседі. Бұл ойында тіпті қаптал қорғаушысы Абзал Бейсебековтің де шабуылға араласуына тура келді. Сонымен қатар, Марин де ұзақ уақытта қатардан шығып қалған сыңайлы.

- Екі футболшыны тым ерте ауыстыру ойынға қатты әсер еткен жоқ па?

- Меніңше, бәрі дер кезінде жасалды. Бізде шабуылда аздап қиындықтар болды. Алғы шепте өнер көрсететін ойыншыларымыз аздау.