Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясындағы «Астана» - «Легия» (Польша) матчының алғашқы ойынын венгриялық төрешілер бригадасы басқаратын болды. Бас төреші – Тамаш Богнар.

38 жастағы төреші УЕФА матчарында төрелік ету үшін осымен Қазақстанға төртінші рет келмек. Богнар елімізге ең алғаш келгенде 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчындағы Қазақстан–Австрия ойынына төрелік жасаған. Осы кездесуде ол үш сары қағаз көрсеткен.

Араға екі жыл салып Тамаш жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Қазақстан – Франция матчында жұмыс істеген. Бұл кездесуде «Астана» клубының қазіргі үш ойыншысы ойнаған еді. Олар: Абзал Бейсебеков, Роман Мұртазаев және Берік Шайхов.

Сондай-ақ, венгриялық төрешілер үшін Қазақстандағы соңғы матч 2015 жылдың шілдесінде өткен. Тамаш Богнар бастаған арбитрлер бригадасы Еуропа лигасының іріктеуіндегі «Қайрат» - «Абердин» ойыны болатын. Аталған кездесуде Джордже Деспотович 68 минут ойнаған. Ол «Астана» - «Легия» арасындағы ойында да алаңға шығып қалуы мүмкін.

Тамаш жастар және ұлттық құрамалардың ойындарында үнемі төрелік етіп жүр. Сондай-ақ, былтыр Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі үш ойында төрелік жасады. Атап айтар болсақ, «Слован» - ПАОК, «Стяуа» - «Цюрих» және «Заря» - «Манчестер Юнайтед».

Богнарға ертеңгі кездесуде қапталдан әріптестері Балаж Бузас пен Теодорос Георгиу көмектеседі. Резервтегі төреші – Ксаба Пинтер.