Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бобыржан Момынов Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Сауль Альварестің ұсынысына не үшін келіскенін айтып берді.

- Канелоның командасы мені спарринг-қарсылас ретінде 6 апталық оқу-жаттығу жиынға шақырды. Мен келістім. Бұл жерге мен Канелоны Головкинге қарсы кездесуге дайындауға немесе Альвареске көмектесемін деген ниетпен келген жоқпын. Өзбасым Геннадийге жанкүйер боламын. Менің өз алдыма қойған мақсаттарым бар. Канеломен жұдырықтасып, тәжірибе жинағым келеді. «Мықтылармен кездесіп, мықты боласың» дегендей. Альварестің қаншалықты қауіпті боксшы екенін тексергім келеді.