«Ертістің» молдавалық шабуылшысы Игорь Бугаев Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан чемпионатының қазіргі жағдайы туралы айтып, алдағы қарсыласы «Црвена Звездаға» тоқталды.

- «Ертіс» - сіз үшін Қазақстандағы үшінші клуб. Бұған дейін «Астана» мен «Тобылда» ойнап, өз отаныңызға қайтып кеттіңіз. Қазақстан чемпионатының деңгейі мен даму жылдамдығы туралы не айта аласыз?

- Қашан да айтып жүремін, қазақстандық футбол өсіп келеді. Турнир кестесінің соңғы жағындағы командаларды алсақ та, олар жақсы жасақталған. Бәсекелестік Қазақстан чемпионатының дамуына көмектесіп жатқаны сөзсіз. Қайта оралғаныма қуаныштымын.

- «Ертіс» енді «Црвена Звездамен» күш сынасады. Командалардың мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

- Меніңше, өзі де футбол ойнап, қарсыласқа да еркін көсілуге мүмкіндік беретін қарсыластармен кездескен жақсы. Бізді қызық ойын күтіп тұр. Өз алаңымыздағы матчқа дайындалып жатырмыз. Осы сәтті пайдаланып жанкүйерлерді стадионға шақырамын.

Алға көз жүгіртпей-ақ қояйын. Өз алаңымызда, жанкүйерлеріміздің алдында психологиялық басымдық болады деп ойлаймын.

Айта кетейік, Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі белградтық «Црвена Звездаға» қарсы алғашқы матчын «Ертіс» 13 шілдеде Павлодарда өткізеді. Матч Астана уақытымен 20:00-де басталады.