Бхубанешвардағы Азия чемпионатының кешкі сессиясында ерлер арасында биіктікке секірудің финалдық кезеңі өтті.

Қазақстан намысын Роман Лошкарев қорғады. Ол өзінің мүмкіндігін толық көрсете алмады. Жерлесіміздің Үндістандағы ең үздік көрсеткіші – 2,05 метр болды. Сөйтіп, 14 атлеттің ішінде ең соңғы орында қалып қойды.

Ал Оңтүстік Кореядан келген У Санхек чемпион атанды. Таңғы жұпар елінің спортшысы 2,30 метрге секірді. Оған 2 сантиметрге есе жіберген қытайлық Чжан Гувей күміс жүлдені қанағат тұтты. Үштікті сириялық Маджид Газаль (2,24 метр) қорытындылады.

Әзірге Азия чемпионатында техникалық бағдарламадан бір қола ғана бар. Кеше ядро серпуден Иван Иван үздік үштікке іліккен еді.

Азия чемпионаты. Бхубанешвар, Үндістан.

Биіктікке секіру, ерлер:

1. У Санхек (Оңтүстік Корея) – 2,30 метр

2. Чжан Гувей (Қытай) – 2,28 метр

3. Маджид Газаль (Сирия) – 2,24 метр

… 14. Роман Лошкарев (Қазақстан) – 2,05 метр.