«Достық» спорт кешенінде гандболдан әйелдер арасында 25-ші ел чемпионатының шешуші кездесулері өтті. Үшінші орынды «Алматы» мен «Алтай», ал бірінші орынды «Қайсар» мен «Іле» командалары сарапқа салды.

Қазақстан гандбол Федерациясының бас директоры Садық Мұстафаев атап өткендей, шешуші кездесулерді ең әділ төрешілер бағалады. Қазақстан бріншілігі жоғарғы деңгейде өтті.

- Айтулы доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ел намысын Азия чемпионатында қорғайтын болады. Осы жылы бұл халықаралық жарысты ұйымдастыру бізге бұйырыпты. Аталмыш бәсеке Алматы қаласында, үздік ұжымдардың арасында өтеді. Бүгінгі ойындар өте қызықты өтті.Енді сары құрлық додасында біздің қыздар еліміздің туын биікке желбіретеді деген сенімдеміз! – деп бөлісті Садық Мұстафаев.

Үшінші орын үшін өткен кездедесу қызықты да тартысты өтті. Қос ұжым барын салып, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде «Алматы» командасының бұрымдылары 26:20 есебімен «Алтай» гандболшыларын жеңіп, Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.

- Шешуші ойые бізге оңай берілді десем болады. Біз бұл ұжыммен көптеген кездесулерді өткізгенбіз, барлығы жеңіспен аяқталған. Сонымен қатар, басқа командалардан гөрі «Алтаймен» бәстесу оңайырақ болды. Жалпы, чемпионат жайлы айтатын болсақ, біз үшінші орынға жайғастық. Әрине өкінішті, бірақ біз еңсемізді түсірмей, жұмыс жасайтын боламыз, - деп айта кетті «Алматы» командасының ойыншысы Наталья Якуба.

Еліміздің чемпионы атану үшін үздік ұжымдар «Іле» мен «Қайсар» өзара мықтыны анықтады. Ойынның бірінші жартысы ұпай саны бойынша тепе-тең жалғасты, екі команда да бірінен соң бірі қарсыластарының қақпасына доп салумен болды. Алайда, кездесудің екінші кезеңі «Іле» үшін сәтсіз басталды. Қарсыластарының қысымына шыдамаған олар жеңіле бастады. Осылайша, қызылордалық арулар қарсыластарын 49:27есебімен ойсырата ұтып, Қазақстан чемпионы атанса, «Іле» командасы күміспен күптелді.

- Біз тек жеңіске жетеміз деген оймен алаңға шықтық. Қарсыластарымыз да мықты екенін көрсетті. Біз осыншама жолды өтіп, берілуге, жеңілуге жол бермедік. Менің ойымша, нағыз бәстесу болды. Қыздармен, ұтылсақ, үйге жаяу қайтамыз деп келіскенбіз, сондықтан бар күшімізді салып ойнадық, - деп қуанышымен бөлісіті «Қайсар» командасының ойыншысы Наталья Ильина.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, диплом және кубоктармен марапатталды, сонымен қатар оларға естелік сыйлықтар берілді.

Жарыстың басты мақсаты – қала тұрғындары арасында гандболды елге таныту, оны дамытып, насихаттау, сонымен қатар, спортшылардың шеберліктерін арттырып, үздіктерін анықтау.