Әлем боксының жұлдызы Бекман Сойлыбаев өзінің келесі жекпе-жегіне дайындықты бастап, кеше Астанада алғашқы спарринг кездесуін өткізді, деп хабарлайды diamondring.kz сайты.

Өзінің шаршы алаңдағы досы Міржан Рахымжановтың шақыртуымен «Ali Gym club» бокс залында жаттығу өткізіп қайтқан Бекман жаттығу соңында Міржанмен жеңіл спарринг өткізіп, өзінің техникалық арсеналындағы кейбір элементтерді сынап көрді. Естеріңізге сала кетейік, әуесқой бокстағы карьерасын аяқтаған соң жаттықтырушылыққа кіріскен Рахымжанов бүгінде кәсіпқой боксқа көшуді жоспарлап жүр.

Ал Бекман Сойлыбаев екінші жеңіл салмақ дәрежесінде WBC International чемпиондық белбеуінің иегері. Бүгінде WBC тұжырымы бойынша әлемде ТОП-25 рейтингіне кіреді және биыл жаздың соңында аргентиналық Орацио Кабралға (19-0-1, 8КО) қарсы айқаста чемпиондық атағын қорғауды жоспарлап жүр. Қазіргі таңда оның еншісінде 11 жекпе-жектен кейін 11 жеңіс бар.