Біздің футболшылар шекара асуға тырыса бермейді. Жыл өте бір-екі футболшының жақын шетелдің біріншілігінде бақ сынағысы келетінін көреміз. Алайда, бәрі дерлік сәтсіздікке ұшырып жатады. Бұл біздің футболшылардың деңгейінің төмен екенін білдіре ме әлде аяқдопшыларымыздың шет елде ойнауға аса құлшына бермейтінінің кесірі ме? Не дегенмен қазақстандық ойыншының өзге біріншілікте жасындай жарқырап, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп жатқанын көрмейміз.

Бірақ бұл айтқанымыз – Сергей Хижниченкоға қатысты емес. Қарағандылық «кеншілердің» сапында тамаша ойын өрнегін көрсеткен Сергейдің арманы шекара асып, беделді біріншілікте доп тебу еді. Жасы 25-ке келген аяқдопшы осыған дейін екі мәрте Еуропада бағын сынап көрген. «Шахтер» клубының Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жолдама алуына себепкер болған футболшылардың бірі ұзақ күтпестен Польша біріншілігіне аттанып кетті. Алайда алғашқы сапары сәтсіз болды. Барлығы 21 кездесуге қатысқан шабуылшы 2 мәрте қарсыласының қақпасын дәл көздеген. Польшалық командамен арадағы келісімшартты бұзған ол елімізге қайта оралды. Алдымен «Ақтөбе», артынша «Тобыл» сапында тәп-тәуір өнер көрсетті. Әр үшінші кездесуде гол соққан Хижа екінші мәрте бағын сынау үшін шекара асты. Бұл жолы – Беларусь біріншілігі. 2016 жылғы маусымда алдына БАТЭ-ні жіберіп, вице-чемпион атанған «Шахтер» сапын нығайтуға тырысты. Төрт бірдей жоғары деңгейлі шабуылшымен жаңа маусымды бастап кетті. Ардагер Николай Януш, еңгезер бойлы Денис Лаптев және жас дарын, болашағынан көп үміт күттіретін Виталий Лисаковичпен бәсекелестікке түскен қазақ футболшысының негізгі құрамға ілігуі екі талай болып көрінетін. Алғашқы ойыннан алаңға шыққан Хижа біртіндеп қосалқы құрамның футболшысына айналды. 12 кездесуге қатысып, төрт рет қарсылас қақпасын дәл көздеді. «Шахтердің» ескі «жауы» Минск қаласының «Динамосына» қарсы ойында командасын жеңілістен құтқарып, жанкүйерлердің махаббатына бөленді. Дегенмен, біріншіліктің алғашқы айналымы мәресіне жеткенде қос тарап келісімшартты бұзуды жөн деп шешіпті. Мұндай шешімге келуге не себеп болғанын саралап көрелік.

Қайтпас қайсарлығы

Сергей қосалқы құрамда отырғанды ұнатпайды, мүмкіндік болса көп уақытын алаңда өткізгенін қалайды. Егер командасы оған мұндай мүмкіндік бермей жатса, «жылы орнымен» қоштасуға әзір. Осы бір қайсар мінезі «Шахтердің» сапынан кетуге алғышарт болғандай.

Үш шабуылшының бәселекестігі

Жоғарыда атап өткеніміздей беларусьтік команданың сапында Хижа секілді еңгезер бойлы тағы екі шабуылшы бар. Олар Лаптев және Януш. «Әрқашан легионер жергілікті футболшыдан бір бас жоғары болуы қажет» деген қағида бар. Ал бұл жерде үш ойыншының да деңгейі бір. Көрсететін ойыны да ұқсас. Бәсекелестік - Хижаның командадан кетуінің бір себебі.

Ұлттық құрама

Қазақстан құрамасының тізгінін ұстаған Александр Бородюк оны Данияға қарсы кездесуге шақыртпады. Бұл шешімін ресей маманы Хижаның ойын тәжірибесі аз болғанынымен байланыстырады. Мұндай қадам Сергей Хижниченконың «Шахтерден» кетуге мәжбүрлегендей.

Не дегенмен, Хижа барған жерінде жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп жүреді. Бұл жолы да Беларусь елінің футболсүйер қауымы 25 жастағы футболшының ойынына ризалығын білдіріп, рахметін айтты. Осы орайда жанкүйерлердің әлеуметтік желідегі жазған ойларымен бөліссек.

Сергей Мурушкин:

Есімі – Сергей, жұмысы – Серхио Рамос

Сергей Гудков:

Лисакович, пенальти алғаннан басқа дым бітірмейді! Ал, Коля мен Серега әлі өздерін көрсетер! Мен соларға жанкүйермін! Лисваковчи әлі де болсын әлсіз, оны дубльға жіберу қажет!

Владислав Пашкевич:

Қайтеміз енді, Лаптев – нағыз «машина»!

Danila Bagrov:

Хижаға дұрыс мүмкіндік берген жоқ. Үш шабуылшының да ойын өрнегі бір.

Борис Палазник

Сергей – тамаша шабуылшы, бірақ біздің клубқа оған жоғары жалақы төлеу қиынға соқты. Мүмкін осы себептен шығар.

Сергей Гудков:

Кубарев Сергейде өзін дұрыстап көрсетуге мүмкіндік бермегені өкінішіті-ақ! «Витебскке» қарсы кездесуде Серега керемет ойын өткізді! Лапоть - нашар!

Владислав Смолич:

Хижниченко - ТОП шабуылшы! Кубарев оны жібергеніне әлі-ақ өкінеді!