Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 10 маусым күні Алматының Орталық стадионында 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Дания құрамасын қабылдайды.

«Қайраттың» шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек бас жаттықтырушы Александр Бородюктан шақырту алған. Жастар футбол мектебінің түлегі (ЖФМ) prosports.kz тілшісіне жаттығу-жиыны туралы аз-кем айтып берді.

- Жаттығу жақсы өтіп жатыр, бүгін жастар құрамасымен жолдастық кездесу өткіземіз. Данияға қарсы өтетін алдағы ойынға физикалық және психологиялық тұрғыда толықтай дайынмын. Бапкер мүмкіндік берсе болды, жүз пайызға жанымды саламын.

- «Қайратта» Цхададзе бапкер ойнауға аз мүмкіндік беріп жатқандай...

- Иә, бірақ алаңға шыққан сайын қақпаны дәл нысанға алып гол соғам. Әр матч мен үшін үлкен күрес. Негізгі құрамнан орын алу үшін көп жұмыс істеп жатырмын.

- Өмірдегі алғашқы бапкеріңіз Талғардағы базаға арнайы келіп батасын берді деп естідік.

- Иә, еліміздің белгілі бапкері, талай шәкірт тәрбиелеген балалар жаттықтырушысы Сәрсенбек Оқасов матч алдында бата беріп жігерлендірді. Ол кісімен әңгімелескен сайын тұңғиық терең ойға шомылып футбол философиясын еске түсірем. «Футбол – жанкүйерлер үшін» деп үйреткен бапкерім. «Командаға қажет екеніңді сезініп, өз орныңды дәлелдей біл» деп кеңес берді тағы да.

- Ендеше сәттілік, 10-шы маусымда сізді көптеген жанкүйерлер қолдайды!