«Ертіс» футбол клубының жетекші ойыншысы Карлос Фонсека Prosports.kz сайтына эксклюзивті сұхбат берді.

– Карлос, «Ертіс» қазіргі таңда үшінші орында келеді. Маусымның басын қалай бағалайсыз?

– Команда ішінде атмосфера жақсы, турнир кестесінде жоғары орындарда тұрмыз. Бірақ өз алаңымыздан гөрі сырт алаңда жақсы ойнаймыз.

– Өз өнеріңізге қандай баға берер едіңіз?

– Әзірге толық бабында емеспін. Алдағы уақытта бар өнерімді көрсетуге тырысамын.

– Команда еурокубоктарға қаншалықты дайын?

– Бізді әлі чемпионатта көп ойын күтіп тұр. Еурокубок жайлы ойлап жүрген жоқпыз. Бар ойымыз қазір премьер-лигада.

– Соңғы екі ойында «Қайраттан» жеңілмедіңіз, бұл жолы ел кубогында ұтылдыңыз. Не үшін?

– Футболда мұндай болады. «Қайрат» сынды командадан үнемі ұтылмау мүмкін емес. Себебі оларда жақсы ойыншылар көп.

– Бұл матчта сіз алаңнан қуылған болатынсыз...

– Эмоцияға берілдім. Жеңілгенді ұнатпаймын.

– Былтырғы маусымда 11 сары қағаз алған болатынсыз. Көп емес пе?

– Сары қағаздар көбінде төрешілермен сөйлескен үшін көрсетілді. Кейде керек емес жерде тәртіп бұздым. Жеңіліп жатқан сәтте эмоцияға беріліп кететінім бар.

– «Қайратқа» қарсы ойын алдында қашан соңғы рет алаңнан қуылдыңыз?

– Бұрын. Есімде жоқ.

– Португалияда Қазақстан туралы сұрағанда не деп жауап бересіз?

– Қазақстан туралы тек жылы сөздер ғана айтамын. Әрине, бұл елдің мәдениеті, тілі, дәстүрі басқа. Бірақ маған Қазақстан ұнайды. Жақында әпкем қонақта болды, енді анам келуі керек.

– Португалия мен Болгариядан кейін Қазақстанның климаты қиыншылық тұдырған шығар?

– Жоқ, Болгарияда да қар жауады. Әрине, Қазақстанда қыста өте суық, бірақ мен үйреніп кеттім.

– Димитровты Болгарияда ойнап жүргенен бері танисыз. Оның мінезі жайлы не айта аласыз?

– Димитар футболмен өмір сүреді. Ол үшін әр ойын - соңғы ойын. Бірақ футболдан тыс уақытта ол футболшылармен жақсы араласады.

– «Қайратпен» өткен ойынға көңілі толмаған сияқты...

– Әрине, бас бапкер ғана емес, барлық команда мүшелерінің ойынға көңілі толмады. Жеңілу кімге ұнайды дейсіз.

– Футбол болмаса немен айналасар едіңіз?

– Білмеймін, мүмкін «парковкада» жұмыс істер едім (күлді).

– Португалияның 2-3 лигасында өнер көрсеткенінде жұмыс істедіңіз бе?

– Иә, бес жылдай футбол ойнап, қосымша жұмыс істегенмін.

– Кім болып?

– Әртүрлі жұмыста еңбек еттім.

– Мысалы?

– Спорт дүкенінде жұмыс істедім, қалада жарнама жапсырдым.

– Футбол мен жұмысты бірге алу ауыр болған жоқ па?

– Жоқ.

– Португалияның 2-3 дивизионы туралы айтып берсеңіз...

– Мен ол кезде жас едім, біз үшінші дивизионнан екіншіге көтерілген болатынбыз. Жалпы екі лиганың аса айырмашылығы жоқ, тек физикалық тұрғыда қиналдық біраз.

– Былтыр Португалия ЕУРО-ны ұтқан кезде қатты қуанған шығарсыз?

– Иә, өте қатты қуандық. Тіпті көршілер тынышталмасаңдар полицейлерді шақырамыз деп қорқытты.

– Португалия тарихындағы ең мықты футболшы кім? Фигу, Эйсебио немесе Роналду?

– Мен үшін - Роналду. ЕУРО-ны ұтқаны үшін ғана емес, ол - өте әмбебап футболшы.