Азия бокс конфедерациясының (ASBC) Facebook-тегі ресми парақшасында Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатындағы жекпе-жектердің бірінің нәтижесі қате жарияланды. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

«Қазақстандық Иван Дычко 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Санжар Тұрсыновты жеңді», - делінген ASBC-дің әлеуметтік желідегі жазбасында.

Айта кетейік, шынында Азия чемпионатында аталмыш салмақ дәрежесінде Қазақстанның атынан Василий Левит қатысып, Тұрсыновты жеңген сол болатын. Осылайша ол жартылай финалға шыққан еді.

Ал қазақстандық боксшы Иван Дычкоға келетін болсақ, ол аталмыш жарысқа қатысып жатқан жоқ. Дычко ақпан айында кәсіпқой рингке ауысатынын жариялаған, алайда әзірше профи-рингте жұдырықтаспады.