Айдар Шәрібаевтың 22 сәуірде Нью-Джерсиде өтетін титулды жекпе-жегі ең соңғы сәтте ұйымдастырылмайтын болды.

Айта кетейік, «Diamond Ring» проспекті америкалық Захария Рэмсимен кездесуі керек болатын. Бәсте жеңіл салмақта WBA NABA-USA белбеуі тұрған еді. Бірақ соңғы сәтте америкалық боксшы жекпе-жектен бас тартып, кездесу өтпейтін болды.

Енді Айдар Шәрібаев рингке келесі аптаның соңында шығады. Қазақстандық боксшы 28 сәуірде Чикагодағы бокс кешіне қатыспақ. Ол жеңіл салмақта WBA тұжырымы бойынша Солтүстік Америка чемпионы атағына таласады. Бүгінде Айдардың менеджерлері жаңа қарсылас іздестіруде.

Естеріңізге сала кетсек, Шәрібаев соңғы жекпе-жегін 17 наурызда Майамиде мексикалық Габино Котқа қарсы өткізіп, бесінші раундта нокаутпен жеңген болатын. Осылайша, Айдар кәсіпқой рингтегі бес кездесудің бесеуін де жеңді. Оның төртеуін нокаутпен ұтқан.