Белгілі қазақстандық ММА файтері Ержан Естанов Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Арман Оспановтың UFC-де жұдырықтасуға лайық екенін айтты.

- Арман Оспановтың допинг дауына қатысты америкалық WSOF ұйымымен келісімін бұзуы сізді таң қалдырды ма?

- Иә, әрине. Мұндайды күтпедік. Арманның жекпе-жегін асыға күткен болатынбыз. Бұл жалған ақпаратты кім таратқанын білмеймін. Бірақ Оспанов - жас спортшы, оны әлі алда талай жарыстар күтіп тұр.

- Барша қазақ жұртшылығын мазалайтын сұрақ - UFC-де қазақ «файтері» қашан жұдырықтасады?

- Бәрінен де UFC-ге Арман жақын болған. Егерде Оспанов АҚШ-та төрт-бес кездесу өткізіп, WSOF чемпионы атанса, оны UFC-ге алар еді. Қазіргі таңда, әлемнің ең мықты ұйымымен келісімшартқа отыруға жақын қазақ спортшысын атай алмаймын.

- Өзбасыңыз АҚШ-қа жол тартқыңыз келмей ме?

- Жол тартқым келеді. Бірақ бәрі қаржы мәселесіне тіреліп тұр. Негізі Қазақстанда жас таланттар көп. Алайда оларға демеушілер керек.

Естеріңізге сала кетсек, Арман Оспанов допинг дауына байланысты ережесіз жекпе-жектен америкалық WSOF ұйымымен келісімшартты бұзуға мәжбүр болды.