Волейболдан Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы 29 жастағы бразилиялық спортшы қыз Таиса Мензес ауыр жарақат алды.

Тengrinews.kz порталының хабарлауынша, әйелдер Чемпиондар лигасында ойын барысында Таиса аяғын сындырып алды. Видео YouTube желісінде шықты. Түркиялық «Экзачибаши» командасы үшін өнер көрсететін волейболшы блок тосуға секіріп, сәтсіз құлаған. Видеоның кадрларынан оның оң аяғы сыртқа қарай шығып тұрғаны байқалады.

Командаластары мен қарсыластар Таисаның айғайын естігенде оның жантүршігерлік жарақат алғанын көреді, қайта қарауға шыдамаған қыздар алаңнан шығып кеткен. Біреулер басын ұстап, басқалары жылап жүр. Волейболшы қыздың қашан сауығып кететіні әлі белгісіз.

Таиса Менезес әйелдер арасында әлем бойынша блок қоюда ең мықты спортшы ретінде танылған. Бразилия құрамасында ойнап, Пекинде және Лондонда өткен жарыста алтын медальді жеңіп алған. Сонымен қатар Таиса әлемнің ең көрікті волейболшы қыз ретінде де танылған.