Футзалдан Қазақстан құрамасының дебютанты Альберт Акбаликов Македония құрамасына қарсы кездесуден кейін prosports.kz тілшісіне арнайы сұхбат беріп, алған әсерімен бөлісті.

- Македония қақпасына гол соғамын деп ойламадым. Бірінші жеңістен кейін көңілім толқып тұр. Мен үшін бұл ресми ойындағы алғашқы ойыным. Бұған дейін тек жолдастық кездесулерде өнер көрсеттім. Құрама үшін аямай тер тегіп, әлі де көп гол соғамын деген үміттемін.

- Македония құрамасы жайлы не айта аласыз?

- Біз олардың ойынын зерттеп, ойынға арнайы дайындалдық. Македониялықтар жақсы ұжым және тәжірибелі команда. Бастысы бүгін біз жеңіске жеттік.

- Ойын алдында бапкерлеріңіз Алесио қандай нұсқаулар берді?

- Қарсыласты алаңның жоғарғы жағынан қыспаққа алыңдар, допты еркін ұстап, гол соғыңдар деді.

- Еуропа біріншілігіне топтан бірінші орынмен шығасыздар ма?

- Барлығы Дания мен Чехияға қарсы қалай ойнайтынымызға байланысты. Меніңше бірінші орынмен шығуға тиістіміз.

- «Алматы Аренаның» қолдауын сезіндіңіз бе?

- Қолдау өте керемет. Мен бұл жерде бірінші рет ойнап тұрмын. Ертең бұдан да көп жанкүйер келеді деген үміттемін. Егер арена толса, командамызға көмегі тиетініне күмәнім жоқ.

- Сізге бүгін жанкүйерлік еткен кімдер?

- Достарым, таныстарым. Олар маған қолдау көрсету үшін, арнайы Ақтөбеден келді. Қуанышымды шек жоқ.