Тайландтың Бангкок қаласында бокстан Король Кубогы мәресіне жетті.

Бұл турнирде 69 келіге дейін салмақта сынға түскен Садриддин Ахмедов жеңімпаз атанды. Ол жартылай финалда филиппиндік Жоэль Баходан айласын асырған. Ал финалда өзбек боксшысы, Рио Олимпиадасында Данияр Елеусіновтен ұтылып, күміс медаль алған Шахрам Гиясовпен кездесуі керек еді. Алайда Гиясов жекпе-жектен бас тартып, алтын жүлде қазақстандық боксшыға берілді.

Жалпы, 18 елдің былғары қолғап шеберлері қатысқан турнирде Қазақстанның атынан жеті боксшы барған еді. Оның тек үшеуі ғана жартылай финалға өте алды. Ахмедов нәтижесінде чемпион атанса, Азат Махметов (52 келі) пен Ерік Альжанов жартылай финалда кубалықтарға жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтты.