ЕХРО көрмесі аумағындағы «Mega Silk Way» сауда ойын-сауық орталығында шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы Динара Сәдуақасова бір мезеттік ойын өткізді.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, бастапқыда 30 шахмат тақтасында ойын өткізу жоспарланған еді. Алайда, 70 әуесқой шахматшы даңқты спортшымен бір мезеттік ойын өткізу мүмкіндігіне ие болды. Жалпы, Динарамен шахмат ойнағысы келген адамдардың саны 100-ден асып жығылды. Осылайша, 2 сағатқа жоспарланған шара 4,5 сағатқа созылды. Ойын соңында қатысушыларға Динара естелік сыйлықтар табыстады.

«Мұндай бір мезеттік ойындар әуесқой шахматшылар арасында әр уақытта зор танымалдыққа ие. Дегенмен, бүгінгі ойнағысы келгендер саны біздің күткенімізден де асып түсті. Ересектердің де балалармен бірге барынша қызығушылық танытқаны таң қалдырды. Тіпті кейбірі ойынға ілігу үшін тым ерте келіп те алыпты. Жыл сайын қазақстандықтардың арасында шахматқа деген сүйіспеншіліктің артып келе жатқандығы қуантады», - деді Динара Сәдуақасова.