Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (37-0, 33 КО) промоутері Том Леффлер Сауль Альвареспен жекпе-жек GGG үшін маңызды болатынын айтты. Бұл туралы Тengrinews.kz порталы хабарлады.

«Геннадийдің беделі мен белсенділігін ұстап тұрсақ және «Канеломен» жекпе-жек өткізсек, өте жақсы болар еді. Бұл басты мақсат. Егер ол жұдырықтаспайтын болса, Головкинмен кімнің шығатынын ойланатын боламыз. Билли Джо Сондерспен алдыңғы жылы жекпе-жек ұйымдастыра алмадық. Биыл іске асырсақ – жақсы болады. Барлық белбеулердің басын қосу – Головкиннің бұрыннан келе жатқан арманы», - деді Леффлер Boxingnews24 басылымына берген сұхбатында.

GGG мен «Канело» арасындағы жекпе-жек биыл қыркүйекте өтеді деп күтіледі. Екі жақ келіссөздерді әлі күнге дейін жүргізіп келеді.

Айта кетейік, инсайдерлік ақпарат бойынша, БАҚ беттерінде Головкин - Сондерс жекпе-жегі Астанада 17 маусымда EXPO-2017 халықаралық көрмесі күндері өтетіні хабарланды. Қазақстандық боксшы мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес арасындағы жекпе-жек қыркүйекте өтеді деп болжанады, алайда келіссөздер әлі де жүріп жатыр.