WBА, IBO тұжырымдары бойынша аса жеңіл салмақтағы әлем чемпионы Жанат Жақиянов prosports.kz тілшісіне арнайы сұхбат беріп, жоспарымен бөлісті.

- Көптеген БАҚ өкілдері мені Астанада өтетін бокс кешінде жұдырықтасады деп айтып жүр. Алайда маған нақты ұсыныс түскен жоқ. Ал егер түсіп жатса, қуанышты болар едім. Өз елімде тамаша бір бокс көрсетуге дайынмын.

- Чемпиондық белбеулерді біріктіргіңіз келе ме?

- Иә, әрине. Болашақта WBC чемпионы жапониялық Синсуки Яманакамен жұдырықтасып, белбеуін иемденгім келеді. Сол бағытта командамызбен жұмыс істеп жатырмыз.

- Сіздің бапкеріңіз, атақты Рикки Хаттонмен командасымен бірлесіп жұмыс істеуді қашан бастадыңыз?

-2011 жылы Швейцарияда Банжамин Петуидке қарсы жекпе-жекте екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткенмін. Жарыс аяқталған соң Рикки Хаттон өзі маған хабарласып, бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. Сол сәтте мен Рикки Хаттонның командасымен келісімшартқа отырдым. Ал 2013 жылдан бері ол менің бас жаттықтырушым ретінде қызмет етіп келеді.

- Кәсіпқой бокс қомақты қаржыны талап ететін спорт түрі. Сізге кім қаржылай көмек көрсетті?

- Сол Рикки Хаттонның командасы, нақтырақ айтсақ, ағылшындар.

- Соңғы жекпе-жегіңізде жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанғаннан кейін сізге отандастарымыздан демеушілік көрсету жайлы ұсыныс түсті ме?

- Жоқ, түскен жоқ. Бірақ болашақта ұсыныстар түседі деген үміттемін.